Қала әкімдігінде болған салтанатты жиында көпбалалы аналарға демографияға қосқан үлестері үшін «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқалары табысталды. Құттықтау сөз сөйлеген қала басшысы Аян Бейсекин алтын құрсақты аналардың қоғамдағы орны туралы айта келе, алқа иелеріне денсаулық, отбасыларына амандық тіледі.
Салтанатты жиында Гүлзада Жәлел, Гүлназ Тасболатоваға «Алтын алқа», Гүлнар Балабековаға «Күміс алқа» тағылды. Олардың құрметіне әнші Марат Ахаев ана туралы әндерді орындады.
Жеті баланың анасы Гүлназ Тасболатованың тұңғыштары үшем екен. Бүгінде олар есейіп, студент атанған. Көпбалалы отбасы Екібастұзға 2019 жылы қоныстандыру бағдарламасымен көшіп келіпті. Батыр ана бір жарым жыл бұрын «Күміс алқа» алса, бүгін «Алтын алқа» тағынды.
– Бір ұл, екі қызым осы қалада дүниеге келді. Кішкентайым балабақшаға барады. Мемлекеттік бағдарламамен келіп, өркендеп жатырмыз. Республика күнінде елімізге бейбітшілік, сәбилерімізге бақытты балалық шақ тілеймін, – деді Г.Тасболатова.
Кенже ҚУАТ







