
– Бала кезімізде әке-шешем бізді, балаларын, жинап, Қожа атаға (Жандарбек ата) сәлем беруге жиі апаратын. Сондай бір жолы көлікпен келе жатып, анамыз бәрімізге «Қожаға бересіңдер» деп ақша таратты. Баламын ғой: «Мен Қожа атаға ақша беремін, ол маған не береді?» – дедім. Анам: «Қой, беталды сөйлеме! Ұят болады!» деп тыйып тастады. Атаның үйіне келдік. Әңгімесін тыңдадық. Шай ішілген соң, бата берді. Балалар үстел басынан тұрып, шығуға бет алғанда, Қожа ата: «Әй, балам, бері келші!» деді. Бәріміз бұрылып: «Мен бе?» дей бергенде, ата мені көрсетті. Сөйтті де, бәйбішесіне: «Мына балаға шапан кигіз!» – деп, қос қалтама уыстап ақша салып берді. Апа шапанды маған жапты. Бәріміз аң-таң болдық. Сөйтті де, «Бақытты бол!» деп маңдайыма үшкірді. Шыққан соң анам: «Әне, айтып ем ғой, ұят болды. Атам дәметіп келгеніңді сезіп қойды» деп біраз сөйледі. Осыдан кейінгі барғандарымда да әрдайым Атамнан сый-сияпат алып қайтатынмын.
Жоғарыдағы әңгіме иесі – Айнұр Зайыргелдіқызымен студенттік кезден таныс-біліс болдық. Филология факультетінде бір курс жоғары оқып, академиялық демалыстан кейін бізбен курстас болды. Өте білімді, сауатты адам екенін сол кезден білетінмін: Алматыдағы қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын мектеп-интернатты бітірген. Төртінші курсты үш түлек үздік дипломмен тәмамдадық: Өміргүл Ертісханқызы, Айнұр Мейрамова және мен. Одан соң Екібастұздың түрлі мектептерінде еңбек етіп жүрдік.
Қаңтарбаевтың журналистік мектебіне екеуіміз бір жылы келдік. Содан бері біздің кәсіби өміріміз бір арнада, бір ағыспен өтіп келеді. Алғашқы жылдары екеуіміз газеттің «Түнгі Екібастұз» айдарын бірге жүргіздік. Яғни, түнде құқық қорғаушылармен бірге рейдтерге, қала аралауға шығып, қызықты репортаждар әзірлейтінбіз. Ол күндерден ішек-сілемізді қатыра еске түсіретін күлкілі оқиғалар өте көп.
Айнұр редакция жұмысына әу бастан тыңғылықты болды: мұндай сауатты әріптеспен жұмыс істеу кімге болса да өте жеңіл ғой. Бір қызығы, Амангелді Қаңтарбайұлы христиан дініндегі (ұлты басқа) әріптесіміз қайтыс болғанда немесе редакция атынан сотқа қатысу керек болғанда, Айнұрды жіберетін. Ондайда: «Орыстармен сен жақсысың ғой», «Шалды (соттағы талапкер – автор) алдай саларсың», – деген уәждер айтатын. Өйткені Айнұр сабырлы, ұстамды әрі кез келген нәрсені соңына дейін жеткізеді, қадалған жерден қан алады – редакторымыз соны аңғарған болар.
Сол кездің өзінде-ақ Айнұрдың бойынан коммерцияға, нарыққа бейімділік байқалатын. Кейбір адамдардың берген мақалаларына немесе шақыру-тапсырыстарына орай Айнұр: «Мұның бәрін неге біз тегін басуымыз керек? Ақша неге таппаймыз?» – деген сұрақ қоятын редакторға. Редактор болса: «Мына қанжығалы қайтеді, ей?» – дер еді, өйткені ол кісі әрқайсымыздың руымызға акцент жасап отыратын.
Бірде Айнұр редакция тапсырмасымен бір шараға кетті. Республика күніне арналған салтанатты жиын қалай болса солай өтсе керек, Айнұр «Сүреңсіз өтті» деген тақырыппен мақала берді. Ертеңгісін газет шыққаннан кейін әлгі жиын өткен мекеменің басшысы мөлиіп редакторымызға келіп, мұңын шақты. Қалада таудай беделі бар адам еді, Республика күніне өткізген шарасы газет арқылы жоғарғы жақтың назарына ілігіп, таяқ жесе керек. Содан бері Айнұрға: «Сү-рең-сіз өт-тіііі», – деп әндетіп айтамыз да, ішек-сілеміз қатып рахаттанып күліп аламыз. Ондағымыз – үндемей жүріп-ақ небір басшыны тұқырттың дегеніміз.
Мен бір жылы жұмыстан шығып, басқа қалаға кеттім. Кетерімде редакторға: «Орныма Айнұрды тағайындауды ұсынамын!» – дедім. Осылайша, Айнұр жауапты хатшылыққа жоғарылады. Уақыт өте келе оны қала әкімдігіне қызметке шақырып, әкімнің баспасөз қызметшісі болып еңбек етті. Кейде баспасөз қызметінен келген ақпаратты немесе фотоны өз мақсатымызға пайдаланамыз, сондайда Айнұр: «Кімнен алғандарыңды, яғни, материал немесе сурет авторын неге көрсетпегенсіңдер?» – деп, кәсіби наразылық танытатын. Іштей «Жоқтан өзгені бұлдағаны несі!» деп ойлағанымызбен, осындай ұсақ-түйектер оның әр нәрсеге жауапкершілікпен, ұқыптылықпен қарайтынын аңғартатын еді.
«Голос Экибастуза» және «Отарқа» газеттері біріккенде, қала басшылығы Айнұрды директор етіп тағайындады. Әрине, түрлі-түрлі аумалы-төкпелі кезеңдер өтті. Әпербақан әкімнің тұсында ол қудалау көрді, соттасып, орнына қайтып келді. Одан соң тағы қудаланды, бірақ бүгін өз орнында. Әділдік үшін күресте жеңді, бір сөзбен айтқанда.
Қызмет барысында бір-бірімізді алуан қырымыздан танып жатамыз емес пе. Кейде Айнұрдың басшы ретінде әлдекімдерге ренжіп отыратыны бар. Сондайда: «Ой, сол да сөз болып па? Әкімнің өзіне барып неге айта салмайсың?!» – деймін. Жоқ, Айнұр қызметтік қарым-қатынас талаптарын, субардинацияны сақтайды. Болмысы сондай.
Айнұрдың ата-анасын, туған-туыстарын жақсы білемін. Анасы Несіп апа – Мұхтар Мағауинмен ҚазМУ-де бір топта оқыған аса білімді, зиялы жан, мықты қолөнер шебері. Несіп апаның қызым Айназ бір жасқа толғанда тігіп берген желеткесі мен тақиясын анам сандықта көздің қарашығындай сақтап келеді (Айназ – бүгінде 2-курс студенті). Айнұрдың әкесі Зайыргелді аға болса Айнұрға ерекше қамқор еді. Жиен немересі Назеркені қақаған қыста сурет мектебіне, Нұрайды музыка мектебіне тасымалдап, жетелеп жүретін-ді. Осы еңбегі жемісін беріп, Назерке бүгінде архитектор болды, Нұрай да Алматыдағы шетелдік компанияда еңбек етіп жүр.
Айнұр өзінің туған жері – Зеленая роща ауылын ерекше жақсы көреді. Зеленая роща ауылының ертеректе Шідерті атанғаны, ешбір ауылдың құзырына кірмеген бөлек колхоз болғаны, тұрғындарының әлі де өздерін бұрынғыша дербес сезінетіні оның әңгімелері арқылы менің де миыма тоқылып қалыпты. Бір күні ертеректегі тарихи кітаптарды қарасақ, ондағы санақ деректерінде Зеленерощи деген атау бар екен. Енді бір күні индрайвер қосымшасын ашып қалсам, ауыл-ауылдың тізімінде Зеленая роща да бар екен. Содан кейбір әңгімені: «Бұл кісілер Зеленерощи поселкесінің аристократтары ғой», – деп бастап, бір күліп алу әдетке айналған-ды.
Ұжымымыздағы Мария Алексеевна деген экономист маман бірнеше жыл бойы Айнұрдың орынбасары болды. Қаржыға өте сақ, үнемшіл адам. Жаңа дүние алғаннан гөрі ескіні жөндегенді жақсы көріп тұрады. Менің кабинетімдегі факс-телефонның тұтқасы нашар жұмыс істеуші еді. Неше рет «істемей тұр» деп берсем де, жөндеп әкеледі. Көңілім жаңасын қалап тұр ғой. Келесі жолы ақауланғанында ызаланып, ішіндегі сымдарын үзіп тастадым. Соған қарамастан әлгі ескі телефон тұтқасы жер-көкті айналып, өзіме қайтып келгенде, «Мария әпшеме дауа жоқ екен!» – дедім амалсыз. Сол Мария апайдың үнемшілдік қасиетін Айнұрдың бойынан жиі кездестіремін. Ескі дүниені жөндеп келгенін айтқан кезде: «Әрине, кімнің шәкірті дейсің бұл!» – деп, «Мария Магдалена, охохо!» – деп әндетіп, билеп те жіберемін, Айнұр еріксіз езу тартып, «Сыйақы керегі жоқ болса, жаңасын ала берем, маған бәрібір!» – дейді…
Бір жылы Айнұр бір кәсіпкермен соттасты. Себебі әлгі кәсіпкер Айнұрдың дәл терезесінің түбінен дәмхана ашты: тұрғындардың жазбаша рұқсатын алмастан. Айнұр бұл туралы республикалық «Егемен Қазақстан» газетіне мақала берді, түрлі жауапты органдарға шағым түсірді. Биліктегі тіректеріне сенген кәсіпкер түрлі қитұрқы амалға басып көрді, ақыры Айнұр мен «Егемен Қазақстан» газетін сотқа берді. Еліміздің бас газетіндегі майталман журналистердің Екібастұзға кеп, сотқа қатысуы да тарихи оқиға болды. Сол оқиғалар кезінде Айнұр «Отарқаға» келіп, не болып, не қойғанын жіпке тізгендей етіп баяндап береді де, «Ал енді ары қарай не істеймін?» – дейді. Шынар Қаңтарбаева екеуіміз «Қорықпа, күрес ары қарай!» – деп қайрап жібереміз. Биліктен «елшілікке» де небір адамдар келетін, айтып-айтпай не керек, ақыры сол дәмхана жарытып жұмыс істеген жоқ. Бұл да Айнұрдың бір қайсарлығының көрінісі деп бағалаймын өз басым.
Айнұр – қалалық Қоғамдық кеңестің әрі кәмелетке толмаған жасөспірімдер ісі жөніндегі комиссияның мүшесі. Бірде маған өзім сыйлайтын бір ханым комиссия өзінің басына түскен жағдайға әділ қарамай отырғаны жөнінде мұң шақты. Бірақ мен комиссиядағы Айнұр Зайыргелдіқызы, Лаура Аманқызы сияқты принципшіл адамдардың заң бұзушылыққа, сыңаржақтылыққа жол бермейтінін жақсы білемін. Айнұрдың ол жағдаятты басқаша бағалағанына қарап, шағым иесінің ұстанымының дұрыс еместігіне көзім жетті. Қоғамдық кеңестің құрамында да Айнұр сынды жандардың отырғаны менің болашаққа деген сенімімді нықтай түседі.
Түріміз ұқсас болғандықтан, көп адамдар екеуімізді шатастыратыны бар. «Қызым, конкурстан жүлде алыпсың, құтты болсын!» – деп, кей оқырмандар Айнұрды құттықтап жататыны бар. Ең қызығы, мақала беру, тағы басқа редакцияға қатысты шаруамен келген адамдар қайсымызға барса да, бірдей сөздер естиді. Әрине, біз ол туралы бір-бірімізбен алдын ала ақылдасып, келіспейміз, тек газет мүддесіндегі ұстанымдарымыз ортақ, ойымыз бір нүктеге тоғысқандықтан, солай болады.
Бірде Жассеріктің шай басында: «Қыздар, осы сендер асүйде жүре қоймайсыңдар, иә? Аспаздық шеберлікпен бірдеңе пісіргендеріңді көрмеппін», – дегені бар. Оны Айнұр: «Біз үйімізде не істегенімізді сізге неге айтып отыруымыз керек?» – деп қағыта жөнелді. Шынтуайтында, Айнұр тағамды дәмді әзірлейді, палауды да, тортты да шебер пісіреді. Әсіресе оның әзірлеген банан торты тіл үйіреді. Қонақ күтісі де ғажап! Әлгі жоғарыда айтқан нағыз «аристократтың» өзі бұл жағынан!
Былтырғы Журналистер күні мерекесінде Айнұр Мейрамова «Екібастұз қаласы алдында сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін тақты. Ал биыл елу жасқа толды. Жассерік, Айнұр – үшеуіміздің «Отарқада» бірге еңбек етіп келе жатқанымызға ширек ғасырдан асыпты. Әлдеқашан бір-біріміздің мінез-құлқымызды, әдет-салтымызды жетік білетін туысқа айналып кетіппіз.
Менің отбасымдағы әрбір қуанышты жаңалық, оқиғаның, шығармашылығымдағы әрбір жетістіктің алғашқы куәгері – Айнұр. Ең бірінші қай жаңалықты болса да соған айтамын. Ауруханада жатсам, дәрі керек болса, Айнұр жеткізіп беретінін білемін. Ол барда төрт құбылам түгел, ештеңеге алаңдаған емеспін. Соған айтамын. Сонымен ақылдасамын. Әр адамның өмірінде ауадай қымбат бір адам болса, менің өмірімдегі сондай адам – Айнұр. Оның он сегіз жыл бұрын перзентхананың бас дәрігері Гүлнәр Ғалымбекқызының алдына барып, «Әріптес құрбымның денсаулығына жақсылап қараңыздар», – дегенін ешқашан ұмытқан емеспін. Айназды перзентханадан өзі шығарып, алғашқы алтын сырғасын өзі тақты, Ержігіттің тұсауын кесті. Қысқасы, біздің үйде Айнұрсыз өткен оқиға жоқ та шығар. Ағам қайтыс болғанда да, бірінші Айнұрға қоңырау шалып: «Мәйітхананың құжаттарымен сен айналысшы», – дедім, оны дәп біздің үйдің адамындай көріп.
Менің тегеурінді үнімнің, нық қадамдарымның ар жағында, біле білсеңіз, Айнұр және сол тектес мықты адамдар тұр.
Гуманизм деген не десе, мен оның синонимі деп Айнұрды көрсетер едім. Біз бой үйрете алмай отырған елу деген жастың ауласына енген досыма ұзақ ғұмыр тілеймін. Ол – бақытты ана, адал дос, жайлы әріптес-басшы. Айнұр сияқты адамдар барда гуманизм өлмейтіні, қоғам іріп-шірімейтіні анық.
Жанаргүл ҚАДЫРОВА






