Қазақстан Республикасы күні қарсаңында Екібастұзда №13 мектептің спорт залында «Толағай» отбасылық жарысы өтті. Білім бөлімінің қолдауымен және №23 мектепке дейінгі гимназия ұжымының ұйымдастыруымен өткен шараға алты балабақшадан келген алты отбасы қатысты.
«Дені саудың — жаны сау», «Спорт — денсаулық кепілі» деген қағидалардың өмірдегі жарқын үлгісін көрсеткен бұл жарыстың тәрбиелік мәні айрықша. №23 балабақшаның әдіскері Үміт Абдинова шараның спорттық белсенділікті арттырумен қатар, отбасы ішіндегі берік іргетастың қалыптасуына ықпал ететінін, әсіресе, жастарға берер тағлымы мол екенін атап өтті.
Сайысты отбасылар өздерін таныстырудан бастады. Бұдан соң командалар жеребе арқылы бөлініп, бірнеше кезеңнен тұратын тартысқа түсті. Атап айтқанда, «Көңілді доп», «Толағайдың мергендері», «Жарыс қазан», «Қайсар Толағайлар», «Кім жылдам құрастырады?» сынды ойын түрлерінде отбасылар өз күш-жі-
герін, жылдамдығы мен тапқырлығын сынады.
Бұл отбасылық сайыс алғаш рет ұйымдастырылғандықтан, ойын шарттары жарыс барысында түсіндіріліп отырды. Бұл тәсіл қатысушылардың жинақылығы мен тапсырманы тез қабылдау қабілетін де айқындай түсті. Жалпы, сайыс балаларды өмірде белсенді болуға, қимыл-қозғалыс қасиеттерін жетілдіруге, жылдамдық пен төзімділікке баулуды көздеді. Барлық отбасы алты түрлі кезең бойынша бақ сынап, допты алып жүру, секіру, дәлдікке лақтыру сынды тапсырмаларды орындау арқылы бірліктерін паш етті.
Тартысты өткен сайыстың қорытындысында №10 балабақшаның «Найзағай» командасы, яғни, Нұғмановтар отбасы бас жүлдені жеңіп алды. Бірінші орынды №23 балабақшаның «Жалын» командасы – Жақсылық отбасы иеленді. Екінші орынға №9 балабақшаның «Барыс» командасы (Ерден отбасы) және №7 балабақшаның «Жас қыран» командасы (Күшіктаевтар отбасы) лайық деп танылды. Ал үшінші орын №27 балабақшаның «Қыран» командасы (Байзеновтер отбасы) мен №11 балабақшадан қатысқан «Жеңіс» командасына (Бегжановтар отбасы) бұйырды. Барлық қатысушылар ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
№23 мектепке дейінгі гимназияның әдіскері Сандуғаш Сыздықбекова белсенді, спортқа бейім отбасылардың артып келе жатқанын атап өтті. «Болашақта осындай шараларды жиі өткізіп, корпоративтік рухты нығайту маңызды. Сонда толағай отбасыларымыз әлі талай шыңдарды бағындырады», – деп түйіндеді ол.
Ділназ Серікбай








