Ұлттық мереке қарсаңында мемлекеттік қызметшілер арасында турникке және брусьяға тартылудан дәстүрлі турнир өтті. Салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған бұл шара биыл үшінші рет ұйымдастырылып отыр.
Қатысушылар жастарына қарай төрт санат бойынша бақ сынасты. Турнирде қала әкімі Аян Бейсекин сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Ол өз сөзінде халық арасында салауатты өмір салты мәдениетін қалыптастырудың маңызына тоқталып, мемлекеттік қызмет-
шілердің бұл бағытта өзгелерге үлгі болуы қажет екенін атап өтті. Әкім шара барысында өзі де спорттық жаттығулар жасап, турник пен брусьяда күш сынап, әріптестеріне өнеге көрсетті.
Жарысқа қатысушылардың дайындығы мен белсенділігі көрермендердің көңілінен шықты. Әсіресе жастардың спортқа деген қызығушылығы ерекше байқалды. Мәселен, экономика және қаржы бөлімінің жас маманы Арсен Машуров турникке 19 рет тартылып, жақсы нәтиже көрсетті. 21 жастағы Арсен спорт-
тың бұл түрімен бірнеше жылдан бері айналысып жүр екен.
Мемлекеттік қызметкерлер арасында мықты спортшылар жоқ емес. Солардың бірі — бұрын батыс жекпе-жегімен, бокспен айналысқан Абылай Оспанбеков. Жыл басынан бері бірнеше рет жүлдегер атанған ол бұл сайыста да жақсы нәтижеге қол жеткізді.
Турнирде қатысушылар өздерінің бұрынғы нәтижелерін жақсартуға тырысып, жоғары деңгейде өнер көрсетті. Жас санатына қарай жеңімпаздар былайша анықталды:
18-29 жас аралығында Қуаныш Азатов – 1-орын, Арсен Мансуров – 2-орын, Ерлан Қадыржанов 3-орын алды.
30-39 жас аралығында Абылай Оспанбеков – 1-орынға, Қуаныш Қайрат – 2-орынға, Әсембек Сағынаев 3-орынға ие болды.
40-55 жас аралығында 1-орын – Маратбек Хуанханға, 2-орын – Нұрлан Шәрімбековке, 3-орын Андрей Гафуровқа тиді. 55-60+ жас санатында Амангелді Сембинге – 1-орын, Ерлан Қабылтаевқа – 2-орын, Тұрсыналы Қайырбаевқа 3-орын берілді.
Шараға облыстық мәслихат депутаты Исламбек Құлтұманов демеушілік етті. Қала әкімі Аян Уахитұлы демеушіге ризашылығын білдіріп, келесі жарыстарға депутаттық корпусты да қатыстыруды ұсынды.
Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге грамоталар, медальдар және сыйлықтар табыс етілді. Бұл дәстүрлі спорттық іс-шара мемлекеттік қызметшілердің салауатты өмір салтын ұстануға деген ынтасын арттырып, ұжымдық рухты нығайтуды көздейді.
Гүлсана МЕДЕУБАЙТЕГІ








