16 қазан күні Аққөл орта мектебінің үлкен залында Екібастұз қаласындағы «Аналар кеңесінің» ұйымдастыруымен ауыл тұрғындары, мектеп оқушыларымен кездесу өтті. Шараны ұйымдастырушылар алдымен Жандарбек ата шаңырағына кіріп, амандық біліп, сәлемдесіп шықты.
Кездесу алдында қонақтар ардагер ұстаз Мұқатай Мұсабековтің орта мектептегі мұражайын аралап, мектеп оқушыларының Республика күніне орай ұйымдастырған көрмесін тамашалады.
Кездесуде «Аналар кеңесінің» төрайымы Мәруаш Сағындықова Аққөл-Жайылма жайлы тұшымды деректер айтты. Ақкөл орта мектебін тәмамдап, өмірге жолдама алған өрендердің жетістіктері туралы баяндалды. Ғылым, өнер, әдебиет, спорт салаларындағы жетістіктер сөз болды. Ауыл тумасы, ақын, журналист Жассерік Сәдуақасовтың «Мәңгілік сағыныш», «Әкеге хат», «Сырт көз» кітаптарынан Ақкөл ауылының тарихына қатысты оқиғалар айтылып, өлеңдері оқылды.
Ерен еңбегімен 32 жасында Социалистік Еңбек Ері атанған Бөкен Қызғариннің жетістігі жас буынға үлгі етілді.
1936-шы жылдары елдегі қараңғылықпен күрес жолында еңбек еткен мұғалім Мұқатай Есімбекұлы ұрпақтарының білім беру саласындағы еңбек өтілі 430 жылға тең: әулеттер дәстүрі әлі жалғасуда. Аққөл орта мектебінде Мұқатай Мұсабековтің жиені Ғалия Жанболатқызы Қожахметова еңбек етіп жүр. «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» дегендей, Аққөл орта мектебінде еңбек еткен майталман ұстаздардың есімдері аталды, олар: Ә.Арынбеков, Кәкәу мұғалім, С.Байтасова, Қ.Жакенов, З.Бәрменов, Қ.Жүсіпов, Қ.Жандарбеков, Г.Мұқажанова, Г.Қ.Алғамбарова, Ж.Ақтамбаева, Қ.Арынов, Г.Ф.Щербинина, Л.И.Ермоленко, З.Базылова және т.т.
Кездесуде аудармашы Рауза Мұсабаева жиналған қауымды өзі аударған кітаптар топтамасымен таныстырды. Қазақ, неміс тілдерінде ақындар өлеңдерін жатқа оқып берді.
Аққөл жастары ат спортына өте бейім. Ұлттық көкпар ойынынан «Сайфуллах» елімізге танымал. Көкпарды дамытуға Дәурен Жандарбеков ерен еңбек сіңіріп жүр.
Ал Ризабек Үт әкесі Дүйсенбайға арнап күй шығарған. Ақкөл ауылынан қанат қаққан өнерлі жастар шоғыры жыл сайын толығып келеді.
Кездесуде еңбек ардагері Маулігүл Қизатова жастарға игі тілек білдіріп, «Аналар кеңесінің» мүшесі Мәдина Боранова «Ауылға барам» әнін әуелете шырқады.
М.Сағындықова, Екібастұз қаласы «Аналар кеңесінің» төрайымы







