21 қазан күні қалалық мәслихаттың тұрақты комиссияларының кеңейтілген отырысы болды. Күн тәртібінде бір ғана мәселе қаралып, ол жөнінде қала әкімдігі аппаратының мемлекеттік-құқық бөлімінің басшысы А. Умарова хабарлама жасады. Нақтырақ айтқанда, Желтоқсан көшесіндегі №3 үй орналасқан жер телімін мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығару туралы сөз қозғалды.
Сонау 1965 жылы салынған екі қабатты аталмыш үй – 15 пәтерлі. Соның ішінде бір пәтер мемлекет меншігінде, ал қалғаны жеке меншікте екен. Сонымен бірге, үйге жапсарлас гараж салыныпты. Биылғы жылдың
27 мамырында «NTDK Group» ЖШС жасаған техникалық қорытындыға сәйкес сөз болып отырған үй апаттық деп танылып, сүріп тастауға жатқызылыпты. Осыны негізге ала отыра, қолданылып жүрген заңна-
маларға сүйеніп қала әкімдігі жер телімін мемлекет иелігіне қайтару туралы қаулы қабылдап, іске кірісіпті. Атап айтқанда, әкімдік қаулысы бұқаралық ақпарат құралдары мен интернет ресурстарда жарияланып, пәтерлер мен гараж иелеріне жазбаша хабарлама жіберілген. Сонымен қатар, пәтерлер мен гараждың нарықтық құнын бағалау жұмыстары атқарылыпты. Міне, осыдан кейін меншік иелеріне заңға сәйкес таңдау ұсынылған. Осы орайда, 9 пәтердің иелері ақшалай өтемақы алуға келісіп, 5 пәтер иелері мемлекеттік тұрғын үй қорынан жайлы пәтер алуды қалаған екен.
Айтпақшы, кеңейтілген отырысқа Желтоқсан көшесі, №3 үйдің тұрғындары түгелдей шақырылыпты. Хабарлама жасаған А.Умарованың айтуынша, атқарушы билік пен меншік иелері арасында келісімшарт жобасы жасалып, тұрғындардың жазбаша келісімі алыныпты. Сондықтан да болар, мәселені талқылау көпке созылған жоқ. Тұрғынжай қорынан ұсынылған пәтерлер қоныс аударушылар көңілінен шыққан тәрізді. Тек бір пәтерге билік жөндеу жасап беруге міндеттенді. Ал өтемақы мәселесіне келсек, ол жуық арада төленбекші.
Түйіндей айтқанда, депутаттар Желтоқсан көшесі, №3 үй орналасқан жер телімін мемлекет меншігіне қайтаруды бірауыздан жақтады.
Ж.Жәлелұлы






