24 қазан күні Шідерті кентінде көптен күткен жаңа саябақтың салтанатты ашылуы өтті. Жоба ауыл тұрғындарының бастамасы негізінде көтеріліп, жергілікті және облыстық биліктің қолдауымен жүзеге асқан. Лентаны қию рәсіміне қала әкімінің орынбасары Бибігүл Иманғалиева және кент ақсақалы Ерсайын Шәкенұлы қатысты.
Салтанатты шарада сөз алған Бибігүл Сағынтайқызы тұрғындардың бастамасы нақты нәтижесін бергенін атап өтті.
— Мереке қарсаңында осындай қуанышты сәтке куә болып отырмыз. Сіздер ауылға қолайлы демалыс орны қажет екенін бірнеше мәрте айттыңыздар. Сол ұсыныс жүзеге асып, бүгін жаңа саябақ есігін айқара ашып отыр. Әр өңір тұрғынының жайлы әрі сапалы өмір сүруіне жағдай жасау — біздің басты міндетіміз. Бұл саябақ ауылдың көркін арттырып, тұрғындардың сүйікті демалыс аймағына айналады деп сенемін, — деді ол.
Саябақ құрылысы маусым айында басталып, қысқа мерзімде аяқталды. Жобаның мердігері — «НұрРашКомфорт» ЖШС. Саябақтың жалпы аумағы 1,8 гектарды құрайды, сметалық құны — 293 млн теңге. Мұнда тротуар төселіп, сахна мен қоршау орнатылған, балалар және спорт алаңдары жабдықталған. Волейбол мен теннис алаңдары, үстел ойындарына арналған аймақ, орындықтар мен қоқыс жәшіктері қойылды. Қауіпсіздік мақсатында алты бейнебақылау камерасы орнатылып, аумақты көгалдандыру үшін 150 түп шырша отырғызылған.
Кент әкімі Алмас Насиков жобаға қолдау көрсеткен облыс және қала басшылығына алғысын білдіріп, ауылдың бірқатар азаматтарына алғыс хаттар табыс етті.
Айта кетейік, биыл Шідерті кентінде тұрғындардың өмір сапасын жақсарту бағытында бірқатар ауқымды жұмыс атқарылған. Жылу беру маусымына дайындық барысында облыс әкімінің қолдауымен қазандықтың негізгі және қосалқы жабдықтары жөнделіп, 3,5 шақырымнан астам жылу желісі жаңартылды. Алғаш рет гидравликалық сынақтар жүргізілді. Сонымен қатар, «KAZ Minerals Bozshakol» компаниясының қолдауымен жөндеуден өткен 120 орындық жаңа балабақша өз жұмысын бастады.
Жаңадан ашылған бұл демалыс аумағы ауыл тұрғындарының бас қосатын, мәдени және спорттық шаралар өткізілетін басты алаңына айналмақ.
Кент тұрғыны Гүлжан Дәкей:
— Бұл— Шідерті кентінің тұрғындары көптен күткен қуанышты сәттердің бірі. Жаңа саябақ ауылдың ажарын аша түсті. Бүгін жұртшылық қуанып, серуендеп жүр. Осындай әдемі демалыс орнын салып берген басшылыққа алғысымыз шексіз, – деп, жүрекжарды қуанышын бөлісті.
Ділназ Серікбай

		






