Ұлттық мереке – Республика күнінде екібастұздықтар мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсету мақсатында тутұғыр алаңында бас қосты. Салтанатты шараға қала әкімі Аян Бейсекин, мәслихат депутаттары, әскери қызметшілер, өңірдің ардагерлері, этномәдени бірлестік өкілдері және қала тұрғындары қатысты.
Мерекелік рәсім Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен ашылып, көк байрақ аспан төсінде желбіреді. Мемлекеттік Туды көтеру құрметі полиция капитаны, Екібастұз қаласының РПП қызметінің аға инспекторы Дидар Базаралиновқа және бокстан Қазақстан Республикасының спорт шебері, Францияда өткен Әлемдік гимназиада ойындарының күміс жүлдегері, Қазақстан чемпионы, «Жасыбай» спорт кешенінің түлегі Ислам Машкентаевқа табысталды.
Туған елге деген сүйіспеншілік пен отансүйгіштік сезімді күшейткен рәсім жергілікті өнерпаздардың орындауындағы патриоттық әндермен жалғасып, жиналған жұртшылыққа мерекелік көңіл күй сыйлады.
Ділназ Серікбай







