Биыл да өңірдің бірқатар дарынды оқушысы қала әкімінің қолынан «Тәуелсіздік ұланы» төсбелгісін тағып, әрқайсысы 196 мың теңге көлемінде сыйақы алды.
Дарынды жастар – ел болашағының тұтқасы. Оқуда озат болып, ғылыми жобалармен айналысып, қоғамдық өмірге белсене араласып, өнер мен спортта биік белестерді бағындырып жүрген өрендер халықаралық және республикалық деңгейде өңір абыройын асқақтатып келеді. Марапат иелері білім, ғылым, өнер, спорт және қоғамдық белсенділік секілді түрлі бағыттағы жетістіктеріне қарай анықталды.
Салтанатты шара барысында қала әкімі Аян Бейсекин оқушыларды құттықтап, ыстық лебізін жеткізді:
– Осы мереке қарсаңында жалынды жастармен жүздескеніме қуаныштымын. «Тәуелсіздік ұланы» төсбелгісіне ие болуларыңыз – еңбектің, талаптың, табандылықтың нәтижесі. Елдің үміті – сіздерде. Білімде – терең, спортта – шыныққан, өмірде адал болыңыздар. Жүректеріңізде отансүйгіштік оты өшпей, көк байрағымызды биікте желбірететін азамат болыңыздар, – деді қала әкімі.
Марапат иелері қатарында №24 гимназия-мектебінің 6-сынып оқушысы, «Зерде» облыстық ғылыми жобалар байқауының жүлдегері Дамир Нұртазин, Сарықамыс ЖОББМ-нің 4-сынып оқушысы, «Алтын сақа» республикалық олимпиадасының облыстық кезең жүлдегері Мөлдір Игілікқызы, Абай Құнанбаев атындағы №2 мектептің 7-сынып оқушысы, халықаралық робототехника байқауы мен облыстық пәндік олимпиада жүлдегері Ерасыл Ахтаев, №36 лицей-мектебінің оқушысы, республикалық Абай оқуларының 2-орын иегері Мақсат Хұмарбек, №4 ЖОББМ оқушысы, республикалық Әбіш оқуларының жүлдегері Саяна Сандат, №35 гимназия-мектебінің 11-сынып оқушысы Яна Шепелова және №6 лицей-мектебінің оқушысы, акробатикадан халықаралық сайыс жүлдегері Сабина Сәдуова бар.
Бұл марапат – жас буынның бүгінгі еңбегіне берілген баға, олардың алдағы жетістіктеріне деген сенім. Тәуелсіз елдің ұландары осылайша табысты қадам жасап, жаңа белестерге бет алуда.
Ділназ Серікбай
		






