Астанада «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті: жеңімпаз жанұялар – көпшілікке үлгі көпбалалы, еңбек адамдары және шығармашыл отбасылар.
Іс-шараға Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, ҚР Парламенті депутаттары, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшелері, қоғамдық ұйымдардың басшылары қатысты.
«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы – рухани және отбасылық құндылықтар мен отбасы институтын нығайту мақсатында 2014 жылы бастау алған бірегей жоба. Осы жылдар ішінде байқауға 20 мыңнан астам қазақстандық отбасы қатыстқан.
Биыл байқау он екінші рет өткізіліп отыр. Оған еліміздің барлық өңірінен 3434 өтінім түскен. Әр өңір бойынша жеңімпаз анықталып, барлығы 20 отбасы марапатталды. Оларға естелік мүсіншелер, дипломдар мен 1 миллион теңге көлемінде ақшалай сертификаттар табысталды.
Марапаттау рәсіміне жерлестеріміз – «Мерейлі отбасы» Ұлттық конкурсының облыстық кезеңінің жеңімпаздары – екібастұздық Тұрсынбаевтар отбасы да қатысты. Отағасы Сейфула Тұрсынбаев пен жары Айгүл Қайроллақызы – балалары мен немерелерін еңбекқорлыққа, адалдыққа тәрбиелеп, отбасы құндылықтарын дәріптеп келе жатқан жұп. Олардың отау құрғандарына 40 жыл толды. Осы уақыт ішінде олар бір-біріне тірек болып, отбасының керегесін нығайтып, үлгілі әулетке айналды.
Ж.ЖАПАРОВА






