Ер жігіттің елге сіңірген еңбегі бағалануы да бір ғанибет. Республика күні мерекесінде елге танымал көптеген азамат мемлекеттік наградаларға ие болып, бұл туралы ақжолтай хабар лезде-ақ жер-жерді шарлап кетті. Өңірлеріне орден-медаль қадаған, атақ алған азаматтардың ішінде біздің өңірдің перзенттері бар.
Атап айтқанда, Ақкөл ауылдық округі Зеленая роща ауылындағы «Табыс» шаруа қожалығының басшысы Манат Алғамбаров «Парасат» орденімен марапатталды. Манат Қажыбекұлы бірнеше жыл бұрын «Құрмет» орденін кеудесіне таққан еді.
Жаратылысынан өнер қонған Айтбаевтар әулеті – дүйім қазақтың мақтанышы. С.Торайғыров университетінің профессоры, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», дәстүрлі әнші Ербол Айтбаев «Парасат» орденімен марапатталып, бауыры – күйші һәм өнертанушы Қайрат Айтбаев «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын иеленді. Қайрат Айтбаев – Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы, «Сыр сандық» әндер антологиясының құрастырушы редакторы.
Ақкөл ауылдық округінің әкімі Ерлан Қабылтаев «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталып, мемлекеттік қызметтегі көп жылғы еңбегі бағаланды.
Осылайша, еліне елеулі, халқына қалаулы төрт азамат құрмет төрінен көрініп, туып-өскен жерінің абыройын асқақтатты.
Ж.Жәлелұлы










