Екібастұз қаласы іргесіндегі Атығай ауылына жаңа мектеп ғимараты қажет екені айтылғалы біраз жыл болған-ды. Өйткені мұндағы мектеп бұрынғы балабақшада орналасқандықтан, оқушылардың толыққанды білім алуына қолайсыздау еді. Ауыл тұрғындарының өтінішіне құлақ асқан атқарушы биліктің пәрменімен биыл қыркүйек айында Атығайда 120 оқушыға лайықталған мектеп құрылысы қолға алынды.
Құрылысты «MGS STROY GROUP» ЖШС жүргізіп жатыр. 22 қазан күні Екібастұз қаласына келген жұмыс сапарында аймақ басшысы Асайын Байханов осы нысанда болып, құрылыс барысымен танысты.
– Жоспарланған жұмыстардың 90 пайызы орындалды. Құрылыста 40 адам еңбек етуде. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын желтоқсан айының соңына қарай аяқтап, мектепті наурызда пайдалануға береміз деген ойдамыз, – деп есеп берді мердігер фирманың директоры Қуаныш Байқанов.
Айтпақшы, бұл жобаға 1400 миллион теңге қаржы бөлініпті. Қазіргі уақытта құрылысқа қоса, мектеп ауласын абаттандыру да іске асырылып жатыр. Атап айтқанда, жасанды жабындылы футбол алаңы әзір болыпты. Енді баскетбол, воркаут алаңшалары жасалып, аулаға қиматас төселіп, 300 түп қарағай отырғызылмақшы.
Жаңа мектептің келешегі жайлы сөз қозғалғанда, қала әкімі Аян Бейсекин бүгінде Атығай мектебінде 126 оқушы оқитынын, шағын орталықта 25 балдырған тәрбиеленуде екенін айтты. Сонымен бірге, тағы 35 балдырған үйде отырған көрінеді. Осы орайда, жаңа мектеп пайдалануға берілген соң, бұрынғы балабақша қалпына келтіріліп, өзінің әуелгі міндетін атқаратын болады.
Салынып жатқан мектеп ішін аралап көрген облыс әкімі Асайын Қуандықұлы мердігерге сапаға ерекше назар аударуды тапсырып, аулада ауыл тұрғындарымен әңгімелесті. Ауыл қарттары атынан Абдолхан мен Бадылан Еңсегендер облыс пен қала басшылығына алғыстарын жаудырды. Ал ағылшын тілінен сабақ беретін жас маман Сымбат Жаңабай өзіне пәтер берілгенін, тұрмыстық жағдайы жақсы екенін айтты. Облыс әкімі мемлекет басшысының жас ұрпаққа терең білім алуға жағдай туғызуды назарында ұстап отырғанын тілге тиек етіп, алдағы уақытта Атығайдағы жаңа мектеп заманауи білім ошағына айналуына тілектестік білдірді.
Ж.Бұланбай







