18-19 қазан күндері Павлодар облысының ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілері Астана қаласында «Қазанат» ипподромында ұйымдастырылған жәрмеңкеге қатысты. Оған екібастұздықтар да өз үлестерін қосып, 12 ірі қара, 12 жылқы және 20 қой етін жеткізді.
– Жәрмеңкеге Ақкөл ауылдық округінен «Табыс», «Әділжан» шаруа қожалықтары, «Көкөзек» ауыл шаруашылығы өндірісі кооперативі, Екібастұз ауылдық округінен «Еркінжас» шаруа қожалығы мал сойып апарып, сауда жасады. Бір кило сиыр еті – 2900 теңгеден, қой еті – 2800 теңгеден, жылқы еті 3000 теңгеден сатылып, түгелдей өтіп кетті, – дейді қала әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Азамат Көпежанов.
Сөз соңында астаналықтарды азық-түлікпен қамтамасыз етуге үлес қосқан шаруа қожалықтары басшылары Манат Алғамбаров – «Табыс», Бақтияр Ахтаев – «Әділжан», Ербол Қабылтаев – «Көкөзек» және Үмбат Шаяхметов «Еркінжас» екенін айта кетейік.






