Әр сенбі сайын «Халық базарында» өтетін ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесіне ерте барған тұтынушы ұтады. Өйткені мұндағы сауда таңғы сағат жетіден-ақ қызады. 18 қазан күні ұйымдастырылған жәрмеңкеде әдеттегіден гөрі сиыр еті мол болды. Шамасы шаруалар қыстаққа қалдырылмайтын бұзау-тайыншаны базарда өткізуді жөн санаған тәрізді.
– Баянауыл ауданының Жосалы ауылынан жәрмеңкеге 6 ұрғашы бұзау сойып әкелдік. Салмақтары 90-110 кило аралығында, – деді әңгімелескенде «Темірбек» шаруа қожалығының жігіттері.
Қазан айы ортасынан ауған шақта қалалық қазақтар күздік қамына кірісіпті. «Темірбек» шаруа қожалығының бұзаулары тұтастай, жартылай, сирақтап лезде сатылып кетті. Көтерме бағасы 3100-3200 теңге аралығында болды. Бір ғажабы, бөлшек саудада сиыр етінің 1 килосы 3000 теңгеден саудаланды. Соған қарағанда қаражаты бар тұтынушылар қара мал етін тұтастай не жартылай сатып алу тиімді деп санайды екен.
Айтпақшы, жылқы етін ұнататын тұтынушыларға шынақ қазы шыққан жабағылар еті тұтастай ұсынылды. Көңілге түйгеніміз, алдағы уақытта жәрмеңкеде жылқы мен сиыр еті мол болатын сияқты.
Жалпы, апта сайынғы жәрмеңкеге Екібастұз өңірінің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілері ғана емес, Баянауыл, Ақтоғай, Тереңкөл, Аққулы аудандарының шаруалары мен кәсіпкерлері де өз үлестерін қосып жүр. Нақтырақ айтқанда, Ақтоғай ауданынан тауық пен үйрек еті, Тереңкөлден ара балы, Аққулыдан сүт өнімдері жеткізіліпті. Сонымен қатар, Алматыдан екі кәсіпкер жігіт алма мен жүзімнің түр-түрін әкеліп, қалталарын қампайтты. Күз мезгілі емес пе, көкөніс пен картоп бағасы жәрмеңкеде біршама арзан болды. Алдағы уақытта да көтеріле қоймас деп үміттенейік. Мемлекет басшысының Үкіметке жанар-жағар май бағасын өсірмеу жөнінде берген тапсырмасы орындалса, кәсіпкерлер де бағаны тізгіндеп ұстауға тиіс емес пе.
Ж. Жәлелұлы







