Екібастұз қаласында театр ашу мәселесі біраздан бері сөз болып, өнер сүйген қауымның құлағы түрік жүрді емес пе. Енді, міне, сол тағатсыздана күткен оқиға таяуда болғалы тұр. Нақтырақ айтқанда,
29 қазан күні «Өнер» мәдениет сарайында М. Мақатаевтың «Қош, махаббат!» драмасымен кәсіби театрдың шымылдығы түріледі.
Бекзат өнер ордасы – театр ашудың жүгі ауыр, осы орайда бірқатар мәселе жеделдетіп шешімін тауыпты.
– Театрға 18 штат бекітіліп, Астана, Алматы, Түркістан мен Ақтөбе қалаларынан 12 кәсіби әртіс шақырылды. Олардың басым бөлігі – «Шабыт» өнер академиясының түлектері. Сонымен қатар, Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалы драма театрының екі тәжірибелі әртісі де Екібастұз театрында қойылатын спектакльдерде ойнайтын болады. Жергілікті өнерпаздардан Гүлжаһан Міртемірова мен Жеңісбек Саябек осы жолғы премьераға қамтылып отыр. Режиссер – Бибіажар Дихан. Оның есімі екібастұздықтарға «Танакөз» спектаклін сахналауымен таныс, – деді әңгімесінде Талғат Сағынтаев – «Өнер» мәдениет сарайының директоры.
Жас театрдың аяғынан қаз тұрып кетуі үшін жан-жақты қамқорлық керек. Осы орайда, қала әкімі Аян Бейсекиннің қолдауымен қаржыландыру мәселесі оң шешіліп, әртістерге 4 қызметтік пәтер бөлініпті. Ал кәсіпкер Серік Сәдуақасов сол пәтерлерге тұрмыстық техника сатып әпергелі отыр.
Қазіргі уақытта «Өнер» сахнасында репетиция қызу жүріп жатыр. «Неге «Қош, махаббат!» драмасын таңдадыңыз?» – деген сұрағымызға театр режиссері Бибіажар Дихан: «Қазір қоңыр күз емес пе. Қоңыр күз Мұқағали ақынды есіме түсіріп, түрлі ойға жетелейді. Рас, «Қош, махаббат!» драмасы түрлі театрларда сахналанған. Біз сол қойылымдарды қайталамай, өзгеше трактовка жасаймыз. Бір сөзбен айтқанда, бақыттан бақытсыздыққа деген ой қазық болады», – деп, ішкі құпиясын толық ашпады.
Режиссердің Мұқағали ақын шығармасын қай қырынан көрсететінін білу үшін, әрине, спектакльді көру керек. Айтпақшы, «Қош, махаббат!» драмасы
29-30 қазан күндері кешкі сағат 19.00-де қойылады.
Ж.Жәлелұлы






