18 қазан күні көгілдір экран алдында тапжылмай жеті сағат отырып «Қазақстан барысы – 2025» турнирін көрдік. Астананың төріндегі «Жекпе-жек» спорт сарайына еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған кілең мықты палуандар ішінен биыл «Әскер барысы» атанған Марат Байкамуров бірінші айналымнан-ақ ерекше көзге түсті.
Ол белдесулерінің бәрін таза ұтып, финалға еркін жетті. Финалда былтырғы барыс – Ерасыл Қажыбаевпен күресті. Ерасылдың салмағы – 149 кило, Мараттың салмағы – 100 кило. Оның үстіне, өткен жылы Ерасыл Маратты турнирдің үшінші айналымында жеңіп, жолын кескен екен. «Салмағы әлдеқайда жеңіл Марат палуан есе қайтара ала ма?» деген сұрақ көрермен көкейінде тұрды. Марат бозкілемге ширығып шықты. Екі палуан бір-бірінің аңдысын бағып біраз жүрді. Белдесу басталғалы 2 минут 15 секунд өткенде Марат қарсыласын тобықтан шалып қалып шалқасынан түсіріп, таза жеңіске жетті. Сөйтіп, «Қазақстан барысы – 2025» белдігін, алтын тайтұяқ пен 15 миллион теңге мөлшеріндегі ақшалай сыйлыққа ие болды.
Айтпақшы, Марат Байкамуров – Түркістан облысы Леңгір кентінің тумасы. Қазақ күресіне қоса, дзюдомен де шұғылданады, Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі. Ол бұған дейін қазақ күресінен ел чемпионатын, Азия және әлем чемпионаттарын ұтқан екен. Енді, міне, Қазақстан барысы атанып отыр. Тарихи жеңісінен кейін іле-шала «Казспорт» телеарнасының тілшісіне берген сұхбатында Марат: «Жас күнімде осы турнирді әкеммен бірге тамашалап жүрдім. Ол уақытта салмағым небәрі 72 кило еді. Соған қарамастан «Қазақстан барысы» турниріне қатысуды өзіме мақсат етіп, шеберлігімді шыңдай бердім. Спорт жеңістер мен жеңілістерден тұрады емес пе. Жеңілген сәттерде еш мойыған емеспін, тіптен қайраттана түстім. Күреспен шұғылданып жүрген бауырларыма «табанды болсаңдар, мақсаттарыңа жетесіңдер дегім келеді», – деп ағынан жарылды.
Ал көрермен ретінде біздің көңілге түйгеніміз, қазақ «күш атасын танымас» деп бекер айтпаған екен. Биылғы жеңімпаз Марат Байкамуровтың әбжіл күресі шеберлігі мықты, салмағы жеңіл палуан салмағы ауыр палуанды жығуға қауқарлы екенін дәлелдеп берді. Олай болса, салмақты сылтау етуді доғарып, біздің өңір палуандарының шеберлікті шыңдағаны жөн болар еді…
Ж.Жәлелұлы








