17 қазан күні «Жасыбай» спорт кешенінде құтқарушылардың кәсіби мерекесіне орай шағын футболдан дәстүрлі турнир өткізілді. Төтенше жағдайлар басқармасы ұйымдастырған жарыста күштік құрылымдардан жасақталған алты команда шеберлік байқасты.
Турнирдің ашылу рәсімінде қала әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Жанар Тоқсамбаева, Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы А. Құсайынов, осы сала ардагері Жүсіпбек Жарқынбеков әуесқой футболшыларды құттықтап, сәттілік тілеп, соңғысы ардагерлер атынан жарысты ұйымдастырушыларға теңбіл доп сыйлады.
«Атамұра» мәдениет орталығының қызметкері, әнші Айнұр Смағұлова «Қазағым» әнін шырқап, спортшыларды жігерлендірген соң алаңда тартысты ойындар басталып кетті. Біз қарап үлгерген ойында Павлодар облысы мамандандырылған күзет қызметі басқармасының командасы патрульдік полиция командасын 2:0 есебімен ұтты.
– Біздің қызметкерлер әрдайым физикалық бабында болуы керек. Әркім қалаған спорт түрімен шұғылданады. Бүгінгі команда құрамында Берік Рамазанов, Абылай Уматаев, Мақсат Ережепов, Әділ Кастретов, Абылай Мұхит, Анатолий Баталов, Ринат Нұрғалиев сияқты жігіттер ойнау үстінде. Жалпы, аптасына екі рет осы «Жасыбай» спорт кешенінде жаттығамыз, – дейді 2-ші батальон командирінің орынбасары Серік Сапарбеков әңгімесінде.
Айтпақшы, Серік Ерсінұлы да әріптестерімен бірге доп теуіп, жігіттерге дем беріп жүрді.
Енді турнир нәтижелеріне тоқталатын болсақ, Павлодар қаласы партрульдік полиция ротасының командасы жарыс жеңімпазы атанды. Екібастұз қаласының Төтенше жағдайлар басқармасы командасы жүлделі екінші, ал Павлодар облысы Төтенше жағдайлар департаменті командасы үшінші орынды иеленді. Жеңімпаз және жүлдегер командаларға кубоктар мен медальдар табыс етіліп, турнирде шеберлігімен көзге түскен жекелеген ойыншыларға сый-сияпат жасалды.
Жассерік Сәдуақас







