Биыл Қазақстан Республикасының азаматтық қорғау органдарыныңқұрылғанына 30 жыл толып отыр. Айтулы мерейтой қарсаңында Екібастұз қаласында сала мамандарына құрмет көрсетіліп, олардың батыл да жанқиярлық еңбектері атап өтілді.
Сала қызметкерлеріне қолдау ретінде өңірдегі материалдық-техникалық база кезең-кезеңімен жаңартылуда. Облыс әкімдігінің қолдауымен Екібастұз қаласындағы №6 өрт сөндіру бөліміне жаңа өрт сөндіру техникасы алынды. Сонымен қатар, ағымдағы жылы Төтенше жағдайлар министрлігі есебінен өңірлік автопарк жедел-құтқару көлігімен және автоцистернамен толықты.
– Қалалық бюджет есебінен жедел әрекет етуге арналған автокөлік, рюкзак бүріккіштер, мотопомпалар, дрон және шалғай аумақтарда тұрақты байланыс орнатуға арналған заманауи радиостанциялар сатып алынды, – деп атап өтті қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Асхат Құсайынов.
Бұған қоса, Солнечный кентінде өрт сөндіру депосының, ал «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында ауылдық елді мекендерде үш өрт сөндіру бекетінің құрылысы басталған. 2026 жылы тағы алты жоба жүзеге асырылмақ.
Мереке қарсаңында қала әкімі Аян Бейсекин құтқарушыларды кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың ерен еңбегін атап өтті. Бүгінде Екібастұз өңірінде 100-ден астам құтқарушы мен өрт сөндіруші қызмет етеді. Жыл басынан бері олар 1700-ден аса шақыртуға шығып, талай жанның өміріне араша түскен.
– Мәселен, қаңтар айында Шиқылдақ ауылы маңында боранда адасқан алты жолаушы жедел көмектің арқасында құтқарылды. Ал 19 қыркүйекте Мәшһүр Жүсіп көшесінде болған өрт кезінде аға өрт сөндіруші Наурыз Мұхажанов өз өмірін қатерге тіге отырып балаларды жалыннан құтқарып қалды. Ерлікке толы мұндай оқиғалар аз емес. Әрқайсысы – батырлықтың жарқын үлгісі, – деді қала басшысы.
Салтанатты жиында бірқатар қызметкер марапатталды. Қала әкімінің құрмет грамотасына ие болғандар қатарында №14 өрт сөндіру бөлімінің жүргізушісі Иманмахмұд Байкенов, №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің технигі Тамерлан Жапаров, ТЖ басқармасының құтқарушысы Дінмұхамбет Накенов, аға анықтаушы Жасұлан Өмірбеков, №6 бөлімнің жүргізушісі Дархан Сейілханов және бөлімше командирі Нұрхат Сыздықов бар.
ТЖ басқармасының инженері Тамирлан Жұмабековке, №6 бөлімнің өрт сөндіруші-құтқарушысы Қуаныш Саликовқа және №14 бөлімнің жүргізушісі Олжас Сейілхановқа алғыс хаттар табысталды.
Шара соңында қала әкімі Аян Бейсекин ТЖ басқармасының бастығы Асхат Құсайыновқа жаңа Toyota Land Cruiser Prado маркалы жедел әрекет ету көлігінің кілтін салтанатты түрде табыс етті.
Құтқарушылармен сұхбатында Аян Уахитұлы:
– Сіздердің ерлікке толы еңбектеріңіз әрдайым құрметке лайық. Отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін. Аман болыңыздар, абай болыңыздар, – деді ағалық қамқорлықпен.
Гүлсана МЕДЕУБАЙТЕГІ








