«Елқондының үш бұтағы» кітабын жазу қолға алынған соң, соған ұйытқы болып жүрген Ерболат Байғожин мен Бадылхан Қарабаев ел ішінен татымды әңгіме, дерек жинауға білек сыбанып кірісіп кетті. Екеуінің еңбегі еш болмай, бір күні төбелері көкке жеткендей қуанып, маған хабарласты.
— Маңғыстау түбегінен Естай ақынның домбырасы табылды, — дейді қосамжарланып.
Мұндай жаңалыққа мен де елең ете қалдым. Содан құнды домбыраның тарихын індетіп, сол оқиғаны білетін адамдарды іздедік. Сөйтіп жүргенде Ақтау қаласынан домбыраның фотосуреті де жетті. Кәдімгі қалақ домбыра. Әбден көнерген. Ескі мұраға қызығушылығымыз тіптен оянып, оқиғаның мән-жайына қанығуға тырыстық. Таяуда Екібастұз қаласының тұрғыны Қайрат Қалымовтан жұмбақ оқиғаға жарық түсірген мынадай әңгіме естідік.
— Елқондының Ескене тармағынан тараған Жаңабай баласы Әбдірқалым күйші болған екен. Жігіт шағында Ақкөл-Жайылманы мекен етіпті. Өнерлі адамдар бір-бірін құрметтейді емес пе. Атақты ақын Естай Беркімбайұлы ел аралап шыққанда Әбдірқалым күйшінің үйіне қона жатып, ән айтып, үлкен-кішінің көңілін көтереді екен. Алқалы топтың арасында көңілі шалқып отырған Естай ақын өз домбырасын Әбдірқалым атамызға сыйлап кетіпті. Бұл, болжам бойынша, қазақ аштықтан қынадай қырылған жылдардың алдында болған оқиға тәрізді. Әбдірқалым атамыз шамамен 1977-1978 жылдары о дүниелік болды. «Естай ақынның көзіндей көріп жүріңдер» деп аманаттап кеткен домбыраны содан бері ұрпақтары сақтап келді. Әбдірқалым атамыздың балалары: Солтан, Жұмабек, Қайныш, Рахат. Әуелгіде домбыра Жұмабектің үйінде болып, кейін Солтан баласы Тұмарбектің қолына көшіпті. Тұмарбек қазір Ақтау қаласында тұрады, — деді Қайрат Қалымов.
Әрине, сөз болып отырған оқиғаның анық-қанығын әлі де анықтай түсу қажет. Дегенмен, қисынға жүгінсек, Естай ақынның Әбдірқалым күйшіге домбырасын сыйлауы әбден ықтимал. Естай ақын заманында Ақкөл-Жайылма өңірінде әнші-күйші, жыршылар көп болғаны тарихтан белгілі. Өнер қонған сол адамдар жеті көлдің төңірегіндегі ауылдарда өмір сүріп, бір-бірімен мидай араласқан. Мәселен, Естай ақынның қызы Зура (Кәнтай) белгілі аңшы, әйгілі Сұркиік тазының иесі Рымжанның әйелі болған. Рымжан өмірден өткен соң Сарықопада жерленген. Естай ақынның осы маңайдағы ескі Талдықамыста (Бұрматал) – Беркімбай қорасында туғаны мәлім. «Естай» кітабында мынадай өлең жолдары келтірілген:
— Туған жер, Талдықамыс, Жаудыркөлім,
Шау тартып жас алпысқа келген кезім.
Ерігіп елді кезген қу белсенді,
Сипаттап жазып кеттім мінездерін.
Кәніктің, белсенділер, елді шауып,
Отыз бір, өмір үшін болдың қауіп.
Азат боп азық-түлік, малдан тағы,
Барамын Сепкрайға елден ауып.
Сарықопа, сен де есен бол, Қаражармен,
Дәм бітіп кетіп барам туған елден.
Қолшана көлік болды ат орнына,
Бар ма еді үш ұйықтасам түсіме енген.
Артымда сен де есен бол, Жетікөлім,
Амалсыз ажырады қалың елің.
Келуге қайта айналып тілектес бол,
Кір жуып, кіндік кескен туған жерім.
Естайдың аштықта Омбы жаққа ауып бара жатқанда шығарған бұл өлеңін кезінде ескененің қадірменді қариясы Қайкен Жармакин ел аузынан жазып алған екен. Айтпақшы, Рымжан аңшы да, біз жоғарыда айтқан Әбдірқалым күйші де – ескенелер. Қоныстары – Сарықопа, Жаудыркөз, Талдықамыс (ертеде Қарақопа аталыпты). Кәнтай атты қызын ескенелерге ұзатқан Естай ақынның домбырасын Әбдірқалым күйшіге сыйлауын құдандалы жаққа құрметі деп те түсінуге болар.
Жассерік Жәлелұлы








