Қазақ халқының тұрмыс-салты мен мәдениетіндегі терең мәнге ие дәстүрлердің бірі – қалжа жегізу. Бұл – жас босанған ананың сауығып, қалпына келуіне бағытталған көне жоралғы. Уақыт көшінде өзектілігін жоғалтпаған қалжа дәстүрі бүгінде жаңаша сипат алып, кәсіби қызмет түріне де айналған жайы бар.
Халық аузындағы аңыздарға сенсек, қалжа дәстүрі ежелгі пайғамбарлар дәуірінен бастау алады. Бұл жоралғы алғаш рет Шиш пайғамбар дүниеге келгенде жасалған деседі. Дәстүр бойынша, жас босанған әйелге арнайы қой сойылып, оның етінен сорпа әзірленеді. Терлеп, бойын жазып, қалжа ішкен әйелдің сүті құнарлы болады, бала ширақ әрі дені сау болып өседі.
Қойдың мойын омыртқасын керегеге іліп қою арқылы үйге келген қонақтарға «бұл үйде жас босанған келін бар, салмақ салмаңыз» деген ишара білдіріледі екен. Бұл бір қарағанда, қарапайым дәстүр көрінгенімен, оның астарында ананың денсаулығына, бала күтіміне деген терең жауапкершілік жатыр.
Қазақта қалжа деген ұғым қойдың етімен ғана өлшенбейді. Ол – ананың саулығына жасалған шынайы қамқорлық, ізгі тілектің дәмді көрінісі. Қалжа жеген әйелдің бойына қуат, сүтіне нәр дариды. Бұл ғасырлар сүзгісінен өткен тәжірибе деуге болады. Қазақ дәстүрінің даналығын заманауи медицина да растайды. Ғылыми деректерге сүйенсек, сүйек сорпасында кездесетін коллаген, темір, кальций, селен, магний, фосфор, калий, мыс, марганец, секілді элементтер – босанған ананың ағзасын қалпына келтіруге таптырмас дәрумен. Бұл заттар сүтті құнарлы етеді.
Қазақтың бұл салтына ұқсас дәстүрлер өзге де шығыс халықтарында кездеседі. Мәселен, Бутан елінде жас аналарға тауық не ешкі етінің сорпасы берілсе, Кореяда сиыр еті мен балдырдан жасалған сорпа ішкізіледі. Қытайлар сиыр сорпасына зімбір мен бұғы мүйізінің ұнтағын қосады екен. Бұл ұқсастықтар әр ұлттың ананың саулығына ерекше мән бергенін көрсетеді. Қазақтар қалжаға қой сояды, ешкі етін «суық тартады» деп, қалжаға қолданбайды.
Өкінішке қарай, бүгінде қалжалау дәстүріне көпшілік айтарлықтай мән бермейді. Ертеде кемеңгер аналар келіннің қалжасын қамдап, шілдесін шығарып, жылы орап терлетіп, терін сүртіп отырған. Бүгінде бұл дәстүрдің жүгін көтеретіндер кемде-кем. Кей отбасыларда келін босана салысымен қонақ күтуге мәжбүр. Бұл жас ананың денсаулығына кері әсер ететіні белгілі. Мұндайда дәстүрді терең түсініп, жөн білетін енелердің көмегі ауадай қажет. Босанған ананы күтімге алып, шілде терін шығару, қалжа жегізу, тыныштықты қамтамасыз ету – үлкен жанашырлықтың белгісі.
Соңғы жылдары бұл дәстүр жаңаша сипат алып, Астана және Алматы қалаларында «Қалжа орталығы» ашылды. Алдағы уақытта еліміздің басқа да ірі қалаларында ашылмақ. Орталықта жас босанған аналарға кәсіби медициналық және психологиялық көмек көрсетіледі. Өзін Айнұр деп таныстырған бас маман мұнда көрсетілетін қызметтер туралы баяндады.
– Бізде ананың денсаулығын қалпына келтіруге арналған аппараттық және табиғи процедуралар, қалжа сорпасын дайындау, массаж, фитнес, психолог, лактация, доула мамандарының көмегі, сәбиге толық медициналық бақылау мен күтім ұсынылады. Қызмет ақысы көрсетілетін қызметтер тізіміне қарай 100-350 мың теңге аралығында өзгеріп отырады, – деді бас маман.
Көпті көрген ене, дәстүрді берік ұстанушы Мәруаш Сағындықова қалжа дәстүрінің мән-маңызын жоғары бағалайды. Жақында ғана жиен немересі кішкентайлы болып, қалжа той атқарып келіпті.
– Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Менің сорлы шешеме қалжа қайда, Қой сат деп әкем барды көрші байға» дейтіні бар. Жалпы, қой етінің денсаулыққа пайдасы зор. Өйткені ол шөптің тамырын теріп жейді, маңызы сорпасына шығады. Қой етінің сорпасы нағыз ем екеніне сонау індет жайлаған жылы да куә болдық. Аурудан тұрған адамдарға әл-қуат берген еді, – деген Мәруаш апай қалжалаудың, шілде терін шығарудың мән-мағынасына тоқталды.
Ол өзінің келіндерін қалжалап, шілде терін шығарып, арнайы сорпа ішкізіп, нәрестені майлап-сылап, барлық күтімді өз қолымен жасапты. Оның айтуынша, бала емізетін әйел көңілді, жылы жүріп, таза тамақтануы керек. Себебі «ананың көңіл күйі сүтке араласады» деген қазақы ұғым бар. Тылсым күштердің кері әсері тиюі мүмкін деген сақтықпен жас босанған ана мен нәрестені жалғыз қалдырмайды.
– Жас босанған әйелге күтім керек. Өзім де анамнан көргенімді істеп, келіндерімді күттім. Халық арасында «Қалжа жемеген әйелдің баласы ынжық болады» деген сөз бар. Бұл жай сөз емес. Ананың бойы қалпына келмесе, жүйкесі жұқарады, сүт сапасы төмендейді. Мұның бәрі баланың болмысына әсер етеді, – дейді апай.
Кейде қалжалаудың мәнін түсінбей, екінші орынға ысырып қоятындар да кездеседі. Перзентханадан шыққан жас келіннің жүзінде шаршау, қолында қазан – қонақ күтіп жүретіні де өкінішті шындық. Дәстүрдің негізгі мақсаты ананы күту екенін естен шығармау қажет. Қалжа – өмірге келген сәбидің болашағы үшін жасалатын күтім, ананың саулығына бағытталған, қазақ халқының ұрпағына деген қамқорлығының көрінісі.
Бір кездері үлкендер келіннің бетін жел қақпасын деп қымтап, шайын қолына ұстатып, сорпасын өзі ішкізген. Бүгінде сол ыстық ықылас суып барады. Тұрмыс заманауи болсын, бірақ өнегелі дәстүр мәңгілік болуы тиіс.
Гүлсана ҚУАТБАЙҚЫЗЫ






