Бүгінде рухани жаңғырудың маңызды қадамдарының бірі ретінде жүзеге асып жатқан «Ұлы Дала жорығы» халықаралық жобасы қазақ халқының терең тарихы мен көшпенді мәдениетінің қайнар көзін әлемге танытып келеді. Бұл жоба – елдіктің, рухтың, ерліктің символы.
Биылғы жорық әйгілі ағартушы, Алаш арысы Міржақып Дулатұлының 140 жылдығы мен Қазақстан халқы ассамблеясының 30 жылдығы аясында өтті. Ауқымды шараға еліміздің әр аймағынан және Татарстан, Қырғызстан, Түркия, Венгрия, Иран, Оңтүстік Африка сынды шетелдерден келген шабандоздар қатысты.
Бұл жобаға Павлодар облысының да азаматтары белсенді қатысып келеді. Солардың бірі – өңірге кеңінен танымал азамат, қаламыздағы билер кеңесінің мүшесі әрі ұлттық спорт жанашыры, көпшілікке «қасқыр соққан Серік» деген атпен белгілі Серік Шайжанов.
Атбегілік пен шабандоздықты өмірінің өзегіне айналдырған Серік ағамыз 6 жасынан ат жалын тартып мініп, жасынан бәйге мен ұлттық спорт түрлерінде көзге түскен. Ауыл-ауылды аралап, жарыс сайын жүлдесіз қайтпаған шабандоз талай тойда топ жарып, «Жігіт сұлтаны» байқауларының жеңімпазы атанған.
– Бала күнімнен ат үстінде өстім. 6 жасымнан шабандоз болып, бәйгеге қатыстым. Жорға қостым, бәйгенің барлық түріне қатыстым. Талай кілем, радио, теледидар мен тоңазытқыш ұттым. Бір тойда жеті бәйгеден жүлде алғаным да бар. Теңге ілу мен аударыспақтың да чемпионы едім, – дейді өзі.
Серік Шайжанов «Ұлы Дала жорығы» басталғалы бері жобадан сырт қалмаған. Биылғы сапарда жорықшылар Алаш ардақтысы – Міржақып туған Бидайық, Қызбелге зиярат етіп, тарихи жерлермен жүріп өтті. Жол бойы Амангелді Иманов ауылына, Кейкі батыр мен Бейбарыс сұлтан ескерткішіне аялдап, қазақ тарихының ізі қалған киелі өңірлермен қауышты.
Сапар барысында 1888 жылы іргесі қаланған, 1951 жылы Қостанай тұқымды жылқысы ресми тіркелген Қостанай жылқы зауытына арнайы экскурсия жасалды. Қостанай қазанаттары биылғы жорықта да мықты нәтиже көрсетіп, отандық жылқы шаруашылығының әлеуетін дәлелдеді.
Бұл өңірде жеті атасынан қыдыр қонып, бақ дарыған текті тұлға – Бектастың Бірәлісі деген бай өткен екен. Кәмпескеге дейін 24 мың жылқысы болыпты. Кезінде атағы дүркіреген Қостанай жылқы зауытының асыл тұқымды тұлпарлары Бірәлі байдың жылқысынан тараған деп айтады.
Серік Шайжановтың айтуынша, жорық оңай шаруа емес:
– Жорыққа шыдамды ат пен шыныққан шабандоз керек. Күніне 100 шақырым жүреміз. Таңғы 7-де шыққан соң межелі жерге жетіп, этноауылда аялдаймыз. Аттарға жем беріп, өзіміз де демалып, қайта жолға шығамыз. Бір командада 5 атты кісі болады. Оған қоса ат күтуші, дәрігер, жетекші, аттың жем-шөбі, керек-жарағы – барлығы қамтылуы керек. Жорыққа шыққан әр команданың жүріп-тұруы, аттардың жем-шөбіне шамамен 10 миллион теңге қаражат қажет.
Алайда жобаға қатысушыларға біркелкі қолдау болмаған. Павлодар облысынан шыққан жігіттер өз өңірінің атынан қатыса алмай, басқа облыстардың құрамына кіруге мәжбүр болған.
– Ұлттық ат спорты федерациясының облыстық филиалы тарапынан еш қолдау болмады. Соның салдарынан біздің жігіттер Астана мен Қостанай атынан шықты. Нәтижелері жаман емес. Бірақ өз өңіріміздің атынан шығып, абыройын көтеруге болар еді, – дейді өкінішін жасырмаған Серік ағамыз.
«Ұлы Дала жорығы» – қазақтың қазанатын іріктеу арқылы ұлттық рухты көтеру, тарих пен мәдениетті дәріптеу жолындағы бірегей бастама. Мұндай жоба арқылы ұрпақ санасына бабалар ізімен жүрудің, ерлік пен ептіліктің құндылығын сіңіруге болады.
Өкінішке қарай, өз елімізде өтіп жатқан халықаралық марафонға қатысушыларға қолдаудың жоқтығы көңілге сызат түсіреді. Алдағы уақытта мұндай жобаларға өңірлік деңгейде нақты қолдау көрсетіліп, ұлттық мұраға шынайы жанашырлық танытылады деген сенімдеміз.
Гүлсана МЕДЕУБАЙТЕГІ







