1993 жылдың 16 желтоқсанында – дәл Тәуелсіздік күні Екібастұз қаласында «Атамұра» мәдениет орталығы ашылды. Ұлттық өнерді, салт-дәстүрді жаңғыртуды мақсат еткен мәдениет орталығының құрылуына ұлтжанды азамат, сол жылдары «Екібастұзкөмір» өндірістік бірлестігінде бас директордың ұлттық мәселелер жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарған Түсіпхан Қасымжанов мұрындық болды. «Атамұра» бастапқыда жұмысын ғұламалар мен билер, атақты адамдар, суырыпсалма ақындар жайлы деректер жинақтауға арналған мұрағат ретінде бастап, кейін мәдени құндылықтарды, ұлт өнерін насихаттайтын орталыққа айналды.
Мәдениет орталығының тұңғыш директоры Түсіпхан Қасымжанов орталыққа ұлт мұратын көксеген азаматтарды топтастырып, өнерлі адамдарды бауырына тартты, өнер ұжымдарын құруды мақсат етті. Табанды басшының игі қадамдары өз жемісін беріп, Павлодар облысына танымал композитор Шәкен Рақышевтың жетекшілігімен «Шалқыма» ұлт аспаптар оркестрі құрылды. Мұндай оркестр Екібастұз қаласында бұрын-соңды болмағандықтан, қалалықтар оркестр өнерін тамсана тамашалады. Сол жылдары әжелердің «Қамажай», өнерлі жастардың «Гүлдер-ай» вокалдық ансамбльдері құрылып, шаһардың мәдени өміріне серпін берді.
… Биыл кеншілер қаласының руханиятын өрге сүйреген осы екі тұлғаның мерейтойлары: ұлт жанашыры, «Атамұра» мәдениет орталығының негізін қалаушы Түсіпхан Қасымжановтың туғанына 95 жыл және күйші-композитор, ұлт аспаптарын жасау шебері, ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Шәкен Рақышевтың туғанына 90 жыл толып отыр. Осыған орай екібас-
тұздықтар «Атамұра» орталығында ұлтжанды жерлестерін еске алды.
Түсіпхан Қасымжанұлы Екібастұз қаласы халық депутаттары кеңесінің атқару комитетінің төрағасы, қалалық партия комитетінің бірінші хатшысының міндеттерін он екі жыл бойы атқарды. Қазақ халқының мәдениетіне, ана тіліміздің жоғалмай, жандануына, жалпы өңіріміздің дамуына аянбай тер төккен азаматтың еңбегі еленіп, Екібастұз көмір бассейнін дамытуға қосқан үлесі үшін екі рет «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесінің грамотасымен марапатталған, «Шахтер даңқы» белгісінің толық иегері.
Кешке қатысқан ардагер ұстаз, Екібастұз қаласының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Жеңіс Шанаққызы Түсіпхан ағаны былай деп еске алды:
– Құрметті қауым, бүгін – ерекше күн. Түрлі мекеменің табалдырығын тоздыра жүріп «Атамұраны» ашқан Түсіпхан аға мен өнер саңлағы, талай жастың өнер жолына түсуіне себепкер болған Шәкен ағаны еске алып жатырсыздар. Шәкен аға 1990-шы жылдары, 3-4 айлап жалақы алмайтын кездерде мен басшылық еткен №26 мектепке домбыра жасап беріп, сегіз қырлы, бір сырлы Мұстафа Асылбеков ағай оркестр ашты. Түсіпхан ағаны ерекше сыйлап өттім. Қалаға жас маман болып келген бетте өндірісте инженер болып жұмыс істепті. Сол кезде қазақ мектебіне келіп, оркестр ашыпты. Біздің отбасылық фотоархивімізде сол кездер бейнеленген сурет сақталған: онда Түсіпхан аға, менің отағасым Нұрлан және Назым Сағынтаев бар. Жұбайым Нұрланның айтуынша, Түсіпхан аға жұмысынан шыққан соң кешке мектепке келіп, оркестрде домбыра ойнайды екен. Одан кейін сондағы хор мүшелеріне өзі жұмыс істеп жүрген жерінен демеушілік жасатып, ұлттық костюм тіккізіп беріпті. Бұл – жас инженер кезінде жасағаны. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін «Атамұраны» ашып, тұңғыш директоры болды. «Қазақ тілі» қоғамын ашып берді. Қызметтен кетерінде: «Бір-біріңмен дауласпай, уақытпен санаспай, ұлт мүддесі үшін қызмет етіңдер», – деді. С.Торайғыровтың 100 жылдық тойында біздің мектеп С.Сейфуллин ауылын бейнеледі. Сонда Сәкен Сейфуллин мұражайынан құнды экспонаттарды музейдің екі гид маманымен бірге алдыртып берді. Келушілердің біздің мүражай-киіз үйімізге таңғалғаны есімде. 2000 жылы «Алтын ұя» деген бағдарлама шеңберінде «Өнер» мәдениет сарайында Түсіпхан ағаның шығармашылық кеші өтті. Түсіпхан ағаның атына Екібастұздан көше сұрап жүргенімізге көп болды, бастапқыда бұл мәселені С.Куржей көтерген екен, өкінішке қарай, әлі қаперге алынбай келеді.
Ал Шәкен ағамыздың шығармашылығына тоқталсақ, Шәкен аға – сазгер. Оның «Баян – әнім», «Керекуім», «Екібастұз – алтын аймағым» секілді туындылары ел ішіне кең тараған. 1992 жылы әндер жинағы жарық көріп, әндері мен күйлері Қазақ радиосының «Алтын қорына» жазылған. Кеште «Атамұра» халықтық фольклорлық ұлт аспаптар ансамблі Шәкен Рақышевтың «Табиғат сазы» күйі мен кезінде «Шалқыма» ансамблінің репертуарында болған «Көш керуен» күйін нәшіне келтіре орындады.
Шараға ҚР мәдениет қайраткері, сол жылдары қалалық мәдениет басқармасына басшылық еткен Фаризат Бәженеева қатысып, өткен күндерден естелік шертті. Фаризат Бәженеева басқарған уақыт Екібастұз мәдениетінің алтын кезеңі болғанын атап өту ләзім.
Шәкен Рақышевтың өмірі мен шығармашылығына музейден арнайы бұрыш ашып, көптеген телебағдарламалар түсіріп, еңбектерін кейінгі ұрпаққа насихаттап жүрген облыстық Майра Шамсутдинова атындағы ән – өнер шығармашылық музейінің басшысы Ерлан Рахимов, ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Замандастар – құрдастар» ансамблінің жетекшісі Ләззат Шушаева да композитор туралы естелік шертті.
Кеш көрермендері, сонымен қатар, Түсіпхан Қасымжановтың өлеңдерін тыңдады. Рабиға Мұхитова «Сезім» өлеңін, Жомарт Қабыкенов «Шәкен Рақышевқа» өлеңін, Гүлбаршын Сейітова «Ана тілі» шығармасын, «Атамұраның» қазіргі басшысы Нұрсұлу Төлеубаева «Атамұра» өлеңін оқыды. Жомарт Қабыкенов Шәкен Рақышевтың «Даланың дара тұлғасы» әнін шырқады. Ал кезінде «Шалқыма» ұлт аспаптар ансамблінің мүшелері болған Зәмзагүл, Бақтыгүл Болатқыздары Шәкен Рақышевтың «Құрбыжан» әнін әуелетті.
Осынау ағалардан мұраға қалған, ұлт мәдениетінің алтын сандығына айналған «Атамұра» бүгінде қазақ руханиятын дамыту жолында адал еңбек етіп келеді.
Орталықта Гүлмира Алданованың жетекшілігімен «Кәусар» әжелер ансамблі, «Жұлдыз» және «Арна» вокалдық топтары, Арман Райдың жетекшілігімен «Дарын» триосы, «Мұрагер» халықтық вокалды аспапты ансамблі, Мадияр Теміржанның жетекшілігімен «Атамұра» халықтық фольклорлық ұлт-аспаптар ансамблі жұмыс істеуде.
2021 жылы «Атамұра» ғимаратына орталықтың негізін қалаған Екібастұз қаласының Құрметті азаматы Түсіпхан Қасымжановқа және айтыстың негізін салған Жүрсін Бәтеновке тағзым тақтасы орнатылды.
2023 жылы орталықтың 30 жылдығына орай тарихтан сыр шертетін музей ашылып, «Ұлт өнерінің бесігі» атты кітаптың тұсауы кесілді.
«Атамұра» орталығының негізгі қызметі – қазақ халқының ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлерін, тарихы мен мәдениетін, тілін, ұлттық өнерін насихаттау. Осылайша, «Атамұра» ұлтжанды ағалар салған сара жолды жалғай бермек.
Ж.ӘБДІКӘРІМ









