25 қазан Республика күні болып кездейсоқ таңдалған жоқ. 1990 жылдың дәл осы күні Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Жоғарғы Кеңесінің №307-XII Жарлығымен Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданды. Декларацияда Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының егемендігі жарияланып, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері жарияланды.
Егемен мемлекеттіліктің іргелі қағидаттары ретінде Қазақстанның жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздері бекітілді.
2001 жылы республика күні ұлттық мереке мәртебесін жоғалтып, мемлекеттік мерекелер санатына ауыстырылды. 2009 жылы «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы «Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізу туралы» Заңға қол қойылды, оған сәйкес елде Республика күнін мерекелеу тоқтатылды, ал 25 қазан жұмыс күні болды.
2022 жылдың 16 шілдесінде өткен Ұлттық құрылтайда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды.
«Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы ретте қыркүйек айының ортасында Қазақстан Республикасының Парламенті «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңға түзетулер енгізді. Құжатқа сәйкес, Республика күні, яғни, 25 қазан – ұлттық мерекеге, ал Тәуелсіздік күні, яғни, 16 желтоқсан мемлекеттік мерекеге айналды.
ҚР «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңына сәйкес Ұлттық мерекелер – Қазақстан мемлекеттілі-
гінің дамуына елеулі ықпал еткен, ерекше тарихи маңызы бар оқиғалардың құрметіне Қазақстан Республикасында белгіленген мерекелер. Ұлттық мерекелерді мейрамдау кезінде орталық және жергілікті мемлекеттік органдарда ресми іс-шаралар өткізіледі. Мемлекеттік мерекелер – қоғамдық-саяси маңызы бар оқиғаларға арналған, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының азаматтары дәстүрлі түрде атап өтетін мерекелер.
Нұрлан Рысқалиев,
Павлодар облысы мамандандырылған күзет қызметі басқармасы 2-полиция батальонының командирі, полиция подполковнигі:
– Республика күні – ел тарихындағы маңызды бетбұрыс. Өз ұжымымда Республика күніне орай еліміздің жетістіктері туралы бейнебаян тамашалап, патриоттық әндер орындалады. Республикалық мерекені тек сөзбен емес, пайдалы іспен атап өтуіміз керек деп, ортақ жауапкершілікті сезінудің бір тәсілі ретінде сенбілік те ұйымдастырылып жатыр. Яғни, Республика күнін бір күн емес, бірнеше күн бойы атап өтпекпіз. Биылғы жылы мереке күні қазақтың дәстүрлі киімін киіп, ұлттық бұйымдарды барынша көбірек қолданып, ұлттық рухты дәріптесек пе деп отырған жайымыз бар. Қаламыздың орталығындағы Мемлекеттік Ту жанынан өткен уақытта балаларым: «Әке, әне, біздің Ту!» – деп, мәз болады. Күнделікті ұйқы алдындағы тұрақты рәсімге айналған дәстүріміз бар: «Балапан» телеарнасымен бірге Мемлекеттік Әнұранды тік тұрып орындау. Өз көлігімде үнемі патриоттық әндерді тыңдаймын. Ал бұл мереке күнінде отбасыммен бірге қаламыздың орталығындағы Мемлекеттік Туды тамашалауға барамыз. Сондай-ақ, балаларыммен бірге еліміздің тарихи фильмдерін көреміз, тарихи тұлғалар жайында әңгіме айтамыз. Бұл күні қала, республика көлемінде бейбіт Тулар шеруі болса, балаларыммен бірге көк Туды желбіретіп парадқа шығар едік. Өз балалық шағымнан есімде қалған сәттер бар: әкем бізді парадқа апаратын. Бір қолымызға кеңестік қызыл жалаушаны, екінші қолымызға 2-3 шарды ұстап шығатынбыз. Балаларымның да есінде жылы естеліктер қалып, Отанына адал азамат болып өссе екен деймін.
Әзірлеген: Ж.ЖАНДОС






