21 қазан күні қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Отбасы банк» АҚ Екібастұз филиалы қызмет көрсету орталығының басшысы Әмір Жақсылықов тұрғын үй кезегіне тұру жүйесіндегі жаңалықтар мен мемлекеттік қолдау шаралары туралы кеңінен баяндады.
Спикердің айтуынша, 24 мамырға дейін әкімдік базасында тұрғын үй кезегіне тұрған азаматтар orken.otbasybank.kz порталына ЭЦҚ арқылы кіріп, жеке деректерді өңдеуге келісім беруі тиіс. Бұл рәсімді банкке бармай-ақ онлайн тәртіпте орындауға болады. Егер азамат бұрын келісім бермеген болса, жүйе автоматты түрде қол қою парағын ұсынады.
Талапқа сәйкес, соңғы бес жыл ішінде атына тұрғын үй ресімделмеген кез келген азамат тұрғын үй кезегіне тұра алады. Кезекте тұрғандарға екі мүмкіндік қарастырылған: жалдамалы тұрғын үйді күту, мұнда пәтерлер кезек тәртібімен үлестіріледі; «Концепция» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламасына қатысу.
— Бұл бағдарлама бойынша сыйақы мөлшерлемесі азаматтың кезек санатына қарай 2% немесе 5% болып белгіленеді, ал бастапқы жарна — 10%. Әлеуметтік осал топтар үшін алғашқы жарнаны өтеуге арналған тұрғын үй сертификаттары қарастырылған. Бағдарламаның тағы бір артықшылығы — ипотеканы облыстың кез келген қаласынан ресімдеуге болады. Мәселен, Екібастұзда кезекте тұрған азамат Павлодар немесе Ақсу қалаларындағы нысандарға да өтінім бере алады, — дейді Әмір Жақсылықов.
Екібастұзда бұл бағдарлама аясында Пішенбаев көшесі, 30 мекенжайында орналасқан үш көпқабатты үй (барлығы 180 пәтер) ұсынылып отыр. Өтінім қабылдау мерзімі жақын күндері «Отбасы банк» ресми әлеуметтік желілерінде жарияланбақ. Егер үміткерлер саны пәтер санынан көп болса, іріктеу конкурстық негізде өткізіліп, басымдық кезекке тұрған күні мен азаматтың санатына қарай анықталады.
Сонымен қатар, банк 2025 жылдың қараша айынан бастап «Наурыз» және «Наурыз — жұмыскер» бағдарламаларын іске қосуды жоспарлап отыр. Жеңілдетілген ипотекаға қатысу үшін маңызды талаптардың бірі — «Отбасы банкінде» депозиттің болуы. Депозитті онлайн немесе бөлімшеде ашуға болады. Бұл шот балл жинау және өтінімді қолдау жүйесінде шешуші рөл атқарады. Жаңартылған ақпараттар банк бөлімшелерінде және Павлодар өңірлік филиалының ресми парақшаларында тұрақты түрде жарияланып отырады.
Ділназ Серікбай







