Қалалық коммуникациялар қызметінде ағымдағы жылы қабылданған тамақтандырудың жаңа стандарты жөнінде сөз болды. 2025 жылғы 1 қыркүйекте қолданысқа енгізілген жаңа стандарт туралы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары Сандуғаш Қымызкенова әңгімеледі.
Аталған стандарт балалардың қауіпсіз, сапалы және теңдестірілген тамақтануын қамтамасыз етеді. Мұнда дұрыс тамақтануға қойылатын заманауи халықаралық талаптар ескеріледі.
– Тамақтану стандартының басты артықшылығы – тұзды, қантты және майды тұтынуды азайту, көкөністер мен жемістерді арттыру және мәзірден табиғи емес тағамдарды алып тастау. Үстел үстіне тұз салғыштар да қойылмайды. Тамақ пісіруге тек йодталған тұз қолданылады, – дейді бұл жөнінде Сандуғаш Қымызкенова. – Құрамында қанты бар сусындар, шырындар газдалмаған суға, сүтке, жеміс шайларына, компоттарға, қант мөлшері аз жеміс-жидек сусындарына ауыстырылды.
Спикер кейін енгізілген жеуге жарамсыздық (тамақ қалдықтары) индексі туралы айтып өтті. Аты айтып тұрғандай, бұл – тамақ қалдықтары санының сатылған тағамдардың жалпы көлеміне қатынасы. Егер жеуге жарамсыздық индексі 10%-дан аз болса – оңтайлы, 10%– 30%-ға дейін тәуекел аймағындағы деп қабылданады. Егер индекс 30%-дан жоғары болса – шұғыл түрде мәзірді ауыстыру қажет. Тағы айта кететін жай, мектеп оқушылары үшін бекітілген мәзір қатарынан келесі күні қайталанбауы тиіс.
– Соңғы 10-15 жылда балалар арасында асқазан-ішек жүйесі жұмысының бұзылуы, семіздік, қант диабеті көбейіп барады. Мұның бәрі – дұрыс тамақтанбаудан. Тамақтанудың бірыңғай стандарттары тамақтануды ұйымдастырудың тәртібін, әдістерін, технологиялық формалары мен модельдерін анықтайды, – дейді маман.
Оның айтуынша, асханада балалардың дұрыс тамақтануын қамтамасыз ету үшін бұрынғыдай печенье, сағыз, газдалған тәтті сусындар, чипсы, фаст-фуд өнімдері сатылмайды.
2026 жылдың қаңтарынан бастап мектептердегі асханаларды тексеру үшін бақылаудың ерекше түрі енгізілмек. Бақылаушылар тізіміне міндетті түрде санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметкері кіргізіледі. Ал ата-аналар балалардың тамақтануына қатысты наразылықтарын
eOtinish порталы арқылы жазып білдіруіне болады.
Гүлсана МЕДЕУБАЙТЕГІ







