Технология қарыштап дамыған сайын алаяқтық схемалар да түрленіп келеді. Бүгінде қаржы пирамидаларының басым бөлігі интернет арқылы жұмыс істеуде. Әлеуметтік желіде өздерін ірі мұнай компанияларына инвестиция тартушы ретінде таныстырып, «Chevron», «ҚазМұнайГаз» секілді брендтердің атын жамылып жүрген жалған жобалар көбейді. Алаяқтар халықтың сенімін ояту үшін танымал тұлғалардың суреттері мен беделді компаниялардың логотиптерін пайдаланып жүр.
16 қазан күні «Өнер» қалалық мәдениет сарайында Павлодар облысы бойынша экономикалық тергеу департаменті ұйымдастыру-бақылау басқармасының аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Азат Шахманов «AFM Online 2025: ХХІ ғасырдың қаржылық триггерлері» тақырыбында кездесу өткізді. Жиынға қалалық мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдардың басшылары, банк, білім және денсаулық сақтау саласының қызметкерлері, сондай-ақ, еңбек ұжымдарының өкілдері қатысты.
Кездесу барысында спикер қаржы пирамидаларының қалай жұмыс істейтінін түсіндірді. Оның айтуынша, мұндай құрылымдар көп жағдайда жоғары табыс пен тез пайдаға сендіру арқылы адамдарды арбайды. Алайда олардың табысы нақты инвестициядан емес, кейінгі қатысушылардың салымынан түзіледі. Жүйе тоқтаған сәтте салымшылар бүкіл қаражатынан айырылады.
Азат Ертарғынұлының айтуынша, соңғы төрт жылда Қаржылық мониторинг агенттігі еліміз бойынша 99 қаржы пирамидасының жұмысын тоқтатқан. Нәтижесінде 30 млрд теңге көлемінде шығын анықталып, қылмысқа қатысы бар 226 адам сотталған.
— Павлодар облысында да бірқатар алаяқтық схема әшкереленді. «Хас», «Takorp», «Автолюкс» сынды жобалардың қызметіне тосқауыл қойылды. «Хас» пирамидасына қатысты сот үкімі биылғы жылдың 25 қыркүйегінде шықты. Апелляциялық шағымдар қанағаттандырылған жоқ. Енді ресми жапа шеккендердің шығындарын өтеу жұмыстары басталды, — деді ол.
Спикердің айтуынша, қазіргі алаяқтар желілік маркетинг, криптовалюта, бағалы қағаз, тұтыну кооперативі, букмекерлік кеңсе, тіпті заңды микроқаржы ұйымдарының атын пайдаланып әрекет етеді. Көп жағдайда олар «жылына 70% пайда береміз», «қосымша табысқа оңай қол жеткізесіз» деген сияқты шындыққа жанаспайтын уәделермен жұртты алдайды.
Алаяқ ұйымдарды алдын ала тануға болатын айқын белгілер бар. Мысалы, олар адамдардан бірден көп ақша салуды сұрайды; табыс табу үшін міндетті түрде жаңа адам қосу керек деп талап етеді; компания жақында ғана тіркелген және жарғылық капиталы өте аз болады; келісімшартта ұйымның жауапкершілігі нақты көрсетілмейді; әлеуметтік желілерде немесе жарнамаларда шұғыл шешім қабылдауға итермелейді. Кейбіреуі ақшаны қолма-қол алып, ресми есепшотты айналып өтеді немесе мүлде лицензиясыз жұмыс істейді. Осындай белгілердің кез келгені — қаржы пирамидасы болуы мүмкін деген күдікке себеп.
2024 жылдан бастап Қаржылық мониторинг агенттігі «Baiqa Piramidа» Telegram-ботын іске қосты. Онда кез келген күмәнді ұйымның атауын енгізіп, оның сенімділігі туралы ресми ақпарат алуға болады. Күмән расталған жағдайда агенттік тиісті шара қабылдайды.
Мамандардың айтуынша, халықтың қаржылық сауаты артып келеді. Дегенмен әлі де оңай жолмен пайда табуды көздеп, алаяқтардың құрбаны болып жатқан азаматтар аз емес. Сондықтан кез келген компанияға қаражат салмас бұрын оның заңдылығын тексеру қажет.
Кездесу соңында мамандар тұрғындарды күмәнді ұсыныстарға сенбеуге, қажет жағдайда құзырлы органдарға жүгінуге шақырды. Егер қаржы пирамидасына қатысты күдігіңіз болса немесе алаяқтық фактілерді білсеңіз, 1458 Call-орталығына немесе 8 778 613 30 05 сенім телефонына хабарласа аласыз.
Ділназ Серікбай







