Өнеркәсіптік өңір болып саналатын Екібастұзда тағы бір завод пайда болды. «KAZFERRO LIMITED» жеке кәсіпорнының құрылысы 2023 жылы басталған еді. Ірі жобаны жүзеге асыру үшін 30,4 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылыпты. Кәсіпорын толық қуатына қосылғанда жылына 60 мың тонна ферроқорытпа шығаратын болады. Жаңа заводта халықаралық экологиялық және технологиялық стандарттарға сай екі электр пеші орнатылған, 300-ден астам адам жұмыспен қамтылады. Осылайша, Павлодар облысы аумағында жаңа металлургиялық кластерді қалыптастыруға негіз жасалып отыр.
22 қазан күні «KAZFERRO LIMITED» жеке кәсіпорнының ресми ашылу рәсімі өткізілді. Кәсіпорын алаңында жиналған жұмысшылар алдында Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов сөз сөйлеп, Республика күні қарсаңында іске қосылған заводтың ел экономикасы үшін маңызды екенін, Мемлекет басшысының өңдеу өнеркәсібін дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау жолында жасалған қадам екенін айтып, завод басшылары мен ұжымына табыс тіледі.
«KAZFERRO LIMITED» жеке кәсіпорнының бас директоры Қайрат Нүкенов өз сөзінде ірі жобаны жүзеге асыруда қолдау көрсеткен Павлодар облысы әкімдігіне, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне, «Халық банк» пен «Даму» қорына ризашылық білдіріп, жаңа кәсіпорын шығаратын өнімдер аймақтың экспорттық әлеуетін арттыратынын мәлімдеді.
Осыдан кейін әкім-қаралар завод ішіне еніп, аймақ басшысы Асайын Байханов пен кәсіпорынның бас директоры Қайрат Нүкенов бастырманы басып, өндіріс орнын іске қосты.
Ж. Жәлелұлы








