Өткен аптада қаламызда «Қазақстанда және шекаралас мемлекеттерде жылқы шаруашылығын дамытудың перспективалары» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Торайғыров университеті мен Павлодар облысының жылқы өсірушілер қауымдастығы ұйымдастырған алқалы жиынның алғашқы сөзін Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожинов алып, конференция жұмысына сәттілік тіледі.
«Торайғыров университеті» КеАҚ Басқарма төрағасы-ректор, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Н.Медетов өз баяндамасында Торайғыров университеті ғалымдарының жылқы шаруашылығын дамытуға және сала мамандарына ғылыми-әдістемелік қолдау көрсетіп жүргенін атап өтті.
– Торайғыров университеті мен облыстық жылқы өсірушілер қауымдастығының бірлесуімен Май, Баянауыл және Павлодар ипподромында табынды жылқы шаруашылығына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар өткізілген. Биылғы конференция Торайғыров университетінің 65 жылдығына және Павлодар облыстық жылқы өсірушілер қауымдастығының 5 жылдық мерейтойына арналып отыр. Осыған орай, қауымдастық мүшелері университет студенттерінің оқу-тәжірибесін қолдау мақсатында бір үйір жылқыны сыйға тартты, – деді Н.Медетов.
Конференцияда Англия корольдігі ветеринариялық колледжінің профессоры Денис Ларкин гуцуль жылқыларының генетикасы жайлы әңгіме өрбітсе, Моңғол жаратылыстану ғылымдары университетінің ғалымы Сайполла Тоқторбай моңғол жылқысының ерекшеліктерін тарқатты.
Сайполла мырзаның айтуынша, Моңғол еліндегі жылқы өсірушілердің моңғол жылқысы жайлы пікірі екіге жарылған: бір тарап «Моңғол жылқысын осы күйінде қалдыруымыз керек. Бұл – біздің ұлттық брендіміз. Себебі есте жоқ ескі замандарда бабаларамыз осы жылқыларға мініп, Еуразия даласын көктей өтіп, Адриат теңізіне дейін барған. Сондықтан бұл жылқы тұқымын мәңгілік сақтауымыз керек», – дейді. Екіншісі: «Қазір бүкіл әлем жылқы түлігін асылдандырып жатыр. Біз де сөйтіп ірілендіруміз керек», – дейтін көрінеді. Моңғолияда арнайы қабылданған заңға сәйкес ұлттық тойларға тек жергілікті моңғол жылқылары ғана қатыса алады. Оның себебі мынада: бәйгеге ат қосатын, негізінен, малшы қауым. Олардың шетелден сәйгүлік сатып әкелетін мүмкіншілігі жоқ. Сондықтан ұлттық тойларда тек жергілікті жылқылар ғана бақ сынайды. Сондай-ақ, егер шоқтығының биіктігі 141 сантиметрден асса, ат моңғол жылқысы болып есептелмейді. Сайполла мырзаның айтуынша, моңғол үкіметі ат спортына қатты мән береді екен. Тіпті атақты атбегілері Еңбек Ері атағына дейін ұсынылады.
Еліміздегі статистикаға келсек, қазіргі таңда Қазақстанда жылқы саны 4 жарым миллионнан асса, Павлодар облысында 300 мыңнан асыпты. Облысымызда бүгінгі таңда жабы тұқымды жылқы өсірумен айналысатын екі ат зауыты мен ондаған асыл тұқымды жылқы фермасы бар. Жылқының зауыттық екі түрі өсірілген: Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу институты енгізген сілетілік жылқы түрі мен Торайғыров университетінің ғалымдары енгізген бестаулық жылқы.
Қазақтың жабы тұқымды жылқысын зауыттық жаңа түрі – бестаулық жылқыға айналдыруға қатысты селекциялық-асылдандыру жұмыстары 1983 жылы басталған көрінеді. 2015 жылы «Ақжар Өндіріс» агрофирмасы базасында жылқы зауыты құрылып, бестаулық жылқы төлі алыныпты. Селекциялық-асылдандыру жұмыстарын Май ауданында «Ақшиман Агро» ЖШС (иесі – Б.Бақауов), Екібастұз өңірінде «Анара» ФШ (С.Сәдуақасов), «Жаңа ауыл» ШҚ (Қ.Ибраев), «Мерей ЭК» ШҚ (А.Махамбетов), Май ауданында «Мойнақ» ЖШС (Т.Сыздықов), Аққу ауданында «Алтай» ШҚ (С.Мукин) мен «Береке» ШҚ (О.Жантен) жүргізуде.
Осы тізімде аталған екібастұздық «Анара» шаруа қожалығының иесі, облыстық жылқы өсірушілер қауымдастығының мүшесі Серік Тельманұлының екі күндік конференцияның өз деңгейінде өтуіне зор үлес қосқанын атап өту ләзім: конференцияның екінші күні ұйымдастырылған асыл тұқымды жылқылар көрмесі дәл осы шаруашылық базасында өтті. Енді «Анара» шаруашылығына тоқталсақ, 2009 жылы құрылған шаруашылық жабы және мұғалжар жылқысын өсіреді. Бүгінгі таңда шаруашылықта 1000 шамалы жылқы өсіп жатыр. Шаруашылықтың 14 гектар жайылымдық жері, үш скважинасы бар, жел насосы орнатылып, малшылар тұратын жайлы үй-жай салынған. Бүгінгі таңда Торайғыров университетінің «Зоотехнология және ветеринария» кафедрасының ғалымдарымен ұзақ мерзімді келісімшарт жасалып, «Аймақтың үздік асыл тұқымды шаруашылығы» межесіне жету жоспарланып отыр. Биыл мұнда жаңадан типтік база және жылқышыларға арналған 2 пәтерлі үй салынған. Басқа да жаңа нысандар баршылық.
Биыл Серік Тельманұлының Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаменті Панфилов ауданы бойынша шекара басқармасына қарасты «Текелі» оқу-жаттығу кавалериялық тобына салт ат жасағын жасақтауға 50 жылқы бергені көпшіліктің есінде болар.
Конференцияға осы жылқылардың бүгінгі иесі – ҰҚК Жетісу облысы бойынша департаменті Панфилов ауданы бойынша шекара басқармасының қызметкері, подполковник Біржан Жұмағұлов та қатысып, «ҚР Мемлекеттік шекарасын күзетуде қызметтік үй-жайларды қолдану және ҰҚК Шекара қызметінде ат қызметін дамыту перспективалары» тақырыбында баяндама жасады. Біржан Бекмұхамбетұлы ҰҚК-нің оқу-жаттығу кавалериялық қызметі қызметтік жылқы өсірумен айналысатынына, бірақ жылқылардың құлындау көрсеткішінің әрі туған құлындардың жұмысқа қабілетінің төмендігі қызмет бабында қиындықтар туғызып отырғанына тоқталды.
Жалпы, мұндай кешенді шараны облысымыздың жылқы өсірушілер қауымдастығы мен Торайғыров университеті кешенді әрі тұрақты түрде өткізіп келеді. Бұл жолы қатысушылар үшін «Өнер» сарайында ұлттық тағамдар мен қолөнер бұйымдары көрмесі ұсынылды. Сонымен қатар, Мәшһүр Жүсіп кесенесіне сапар, өңіріміздегі «Жаңа ауыл» шаруа қожалығына (директоры – Қайрат Ибраев) экскурсия ұйымдастырылды. Ал «Анара» шаруа қожалығында өткен өнімді асыл тұқымды жылқылар көрмесі үздік жылқы өсірушілерді марапаттау салтанатымен түйінделді. Жылқы өсірушілер қауымдастығының 1-орынға тіккен «Нива» автокөлігін ақтөбелік «Жансая» шаруа қожалығының басшысы Ақбота Айдархан жеңіп алды. 2-орын (мотоцикл) Май ауданының «Ақжарқын» жеке кәсіпкерлігіне, 3-орын Абай облысының «Мухин» шаруа қожалығына бұйырды.
Жанаргүл ҚАДЫРОВА

