Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес қазан айының екінші жексенбісі елімізде жыл сайын Мүгедектігі бар адамдар күні ретінде атап өтіледі. Бұл күн – қоғамдағы ерекше әрі қайсар жандардың құқықтарын қорғауға, олардың әлеуметтік мәртебесін арттыруға және тең мүмкіндіктер жасауға бағытталған маңызды дата.
Осыған орай, 10 қазан күні «Самғау» балалар шығармашылығы орталығында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған салтанатты жиын өтті. Мерекелік жиында қала әкімінің орынбасары Бибігүл Иманғалиева құттықтау сөз сөйлеп, ерекше қажеттілігі бар тұлғаларға ізгі тілегін жеткізді. Ол өз сөзінде қоғамның дамуына үлес қосып жүрген жандардың еңбегін жоғары бағалап, олардың өмірлік ұстанымдары мен табандылығы көпке үлгі екенін атап өтті. Осы күні бірқатар азаматтарға қала әкімінің құрмет грамоталары мен алғыс хаттары табысталды.
Қала әкімінің құрмет грамотасымен марапатталғандардың қатарында «Қазақ зағиптар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бауыржан Нұржанов, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының маманы Ажар Мерғалиева, сондай-ақ, қалалық іс-шаралардың белсенді қатысушылары Ерқанат Қалымжанов пен Қанат Тұрлыбеков бар. Ал қала әкімінің алғыс хатымен Сандуғаш Ақанова, корпорация маманы Фархат Каликов, Асан Смағұлов, сондай-ақ, бочча спортының жүлдегерлері Сұңғат Шайзатов, Жандос Қабыкенов, Марал Бекбергенова және Лаура Нұренова марапатталды.
Салтанатты жиында Екібастұз қалалық мәслихатының төрағасы Нияз Макраев сөз сөйлеп, инклюзияны дамыту мен мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамдағы теңдігін қамтамасыз етудің маңыздылығына тоқталды. Ол «Жарық» зағиптар қоғамының оқу-өндірістік орталығының маманы Мақпал Айтжа-
нова және қоғам белсенділері: Гүлжайнат Ғаббасова, Маулыгүл Кизатова мен Федор Рейхертке құрмет грамоталарын табыс етті.
Сонымен қатар, «Өмір» және «Әлем» оңалту орталықтарының жетекшілері, «Жарық» және «Қазақстан зағиптар қоғамы» қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері, сондай-ақ, «Победители» қоғамдық қорының мүшелері де қоғамдағы белсенді еңбегі үшін алғыс хаттарға ие болды.
Марапат иегерлерінің бірі – «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясының маманы Ажар Мерғалиева өз әсерін бөлісті:
– Халыққа қызмет көрсету орталығында алты жылдан бері еңбек етіп келемін. Бүгінгі марапат – еңбегіміздің еленгенінің дәлелі. Осындай қолдау көрсетіп, сенім білдіргені үшін ризашылығымды білдіремін. Ең бастысы, елімізге аз да болса пайдамыз тисе, соның өзі үлкен қуаныш, – деді ол.
Шара барысында қала өнерпаздары мен ерекше жандар әзірлеген әсерлі концерттік бағдарлама көрерменге ерекше көңіл күй сыйлады. Ән мен күйге, шабыт пен мейірімге толы бұл кеш көпшіліктің жүрегінде жылы әсер қалдырды.
Айта кетерлігі, бүгінде Екібастұз қаласында 4500-ден астам мүгедектігі бар адам тұрады. Оның 689-ы –18 жасқа дейінгі бала, 772 адам – көру қабілеті бұзылғандар, 191 адам – есту қабілетінен айырылғандар, 1610 тұрғын – тірек-қимыл жүйесі бұзылғандар, ал 264 адам– арбаға тәуелді жандар.
Мемлекет тарапынан ерекше қажеттілігі бар азаматтарды қолдауға бағытталған кешенді жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Әлеуметтік қызметтер порталының іске қосылуы арқасында 3500-ден астам екібастұздық техникалық құралдар мен оңалту қызметтерін өздігінен таңдау мүмкіндігіне ие болған. Бұл жеке оңалту бағдарламаларының орындалу деңгейін 90 пайызға дейін арттырды.
Бүгінде 250-ден астам зағип жан тифлотехникалық құралдармен, 60-тан аса адам сурдотехникалық аппараттармен, 500-ге жуық тұрғын протездік-ортопедиялық көмекпен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ 37 ымдау тілі маманы мен 229 жеке көмекші қызмет көрсетуде. 200-ден астам адам инватакси қызметін пайдаланады.
Сонымен бірге, ерекше қажеттілігі бар 100-ге жуық екібастұздық субсидияланатын жұмыс орындарымен қамтылған, 8 азамат өз кәсібін ашуға мемлекеттік грант алған. Қаламызда дене шынықтыру және спортпен шұғылданатын мүгедектігі бар адамдардың саны жыл сайын артып келеді. Бүгінде олардың арасынан 50-ден астам паралимпиадашы шықты.
Инклюзивті білім беру ісі де қарқынды дамуда. Қала мектептері мен балабақшаларында инклюзияны қолдау кабинеттері ашылып, 45 педагог арнайы курстардан өткен.
Ділназ Серікбай
