«Ел іші – өнер кеніші» десек, әр елді мекендегі өнерлі адамдардың басын біріктіріп, қабілетін ұштап, түрлі мәдени іс-шараларға жұмылдыратын мекеме – ауыл клубы. Теміржол ауылдық округінің орталығы – Құлакөл ауылында клубтың ашылғанына биыл 20 жыл толып отыр. Таяуда аталмыш мәдениет ошағы өзінің мерейтойын атап өтті.
Салтанатты шараға жиналған қауым алдында Теміржол ауылдық округінің әкімі Талғат Ахметбеков құттықтау сөз сөйлеп, клубтың ауылдың мәдени өміріндегі маңызды орны, қол жеткізген жетістіктері жайлы айтып, клуб әдіскері Гүлнәр Қадыроваға және бірқатар қызметкерге алғыс хат табыстады.
Құлакөл ауылдық клубы «Атамұра» мәдениет орталығына қарайды. Келесі кезекте сөз алған осы орталықтың директоры Нұрсұлу Төлеубаева 20 жылдың ішінде ауыл клубының биік-биік белестерді бағындырып, облыс пен қала көлемінде үздік атанғанын, бұл табысқа клуб әдіскері Гүлнәр Қадырқызының айрықша еңбек сіңіргенін ризашылықпен айтып өтті. Осыдан кейін Екібастұз қаласы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Жанар Тоқсамбаеваның құттықтау лебізін жеткізіп, «Шұғыла» вокалдық тобы, «Гүлдер» би тобы өнерпаздары мен клуб қызметкерлеріне мәдениет бөлімінің алғыс хаттарын тапсырып, «Атамұра» мәдениет орталығы атынан ноутбук сыйлады.
Көп жыл Теміржол ауылдық округі әкімі қызметін атқарып, биыл зейнеткерлікке шыққан Ерлан Қасеналин:
– Мен әкім қызметіне 2003 жылы кірістім. Ол кезде Құлакөлде клуб болған жоқ. Содан мәселені қайта-қайта көтеріп, 2005 жылы жеке меншікке өтіп кеткен бұрынғы балабақша ғимаратын бюджет қаражатына сатып алып, жөндеуден өткізіп, оған ауыл әкімдігі мен клубты орналастырған едік, – деп сөзін естеліктен бастап, кейінгі атқарылған игі істерге тоқталды.
Сөз арасында айта кетелік, Ерлан Ермұратұлының клуб жұмысының алға басуына қосқан үлесі де зор. Жары Гүлнәр Қадырқызына үнемі қолғабыс етіп, клубтың 20 жылдық архивін жасауға көмектесіпті. Айтпақшы, мерейтойда әр жылғы мәдени іс-шаралардан сыр шертетін фотоальбомдар, буклеттер және т.т. көрмеге қойылған екен. Солардың ішінде Ерлан Қасеналиннің қолынан шыққан металдан жасалған домбыра, Абай ақынның портреті, Абай ауылының көрінісі де көзге түсіп, көргендер таң-тамаша болып жатты.
Мәдениет ошағының мерейтойы ауыл өнерпаздарының өз өнерлерін жарқыратып көрсететін шара емес пе. Жұмагүл Айдарханова жетекшілік ететін «Гүлдер» би тобы бірнеше би биледі.
– Біздің репертуарымызда «Шашу», «Қара жорға» сияқты қазақ билері, сонымен бірге, орыс, украин, кәріс билері бар. Көптеген конкурстарға қатысып, жүлделі болдық. Қазіргі уақытта «Гүлдер» құрамында 25 бала жасына қарай екі топқа бөлініп билеп жүр, – дейді жетекшісі, хореограф Жұмагүл Айдарханова әңгімесінде.
Көрермен қауымға «Бала Абай» сахналық көрінісі де ұнады. Бала Абайдың рөлін Дидахмет Нүптеке, әжесі Зеренің рөлін Гүлжаһан Міртемірова ойнады. Бүгінгі күні «Өнер» мәдениет орталығында қызмет істейтін Гүлжаһан бұған дейін 11 жыл Құлакөл ауылдық клубында еңбек еткен.
Көрермен қауым көңілінен шыққан концертте «Шұғыла» вокалдық тобы «Ел тілегі» әнін орындаса, Сағындық Қайырбеков, Айнұр Смағұлова, Гүлнәр Қадырова жеке дауыста ән шырқап, шараның шырайын кіргізді.
Тазалық, әдемілік жағын айтсақ, іші-сырты әрдайым жарқырап тұратын Құлакөл ауылдық клубының ішкі мазмұны да бай, үлгі-өнеге аларлық дүниесі көп. Осы орайда, клубта мерейтойға ұштастырылып семинар өткізіліп, оған өңірдегі мәдениет ошақтарының қызметкерлері қатысты. Клубтың мәдени ұйымдастырушысы Айнұр Смағұлова әріптестеріне мәдени қызметте әлеуметтік желіні, жасанды интеллектіні қолдану тәсілдері туралы әңгімелеп, ойындар ойнатты.
Ж. Жәлелұлы