10 қазан күні «Қайнар» білім беру және бос уақытты қамту кешенінде «AMANAT» партиясы қалалық филиалының бастамасымен «Кедергісіз келешек» жобасы аясында ерекше тағдыр иесі, қайсар мінезді жас суретші Әділхан Қыпшақовпен әсерлі кездесу өтті.
Айта кетсек, бұл – Әділханның Екібастұзға екінші келуі. Бұған дейін де ол қала тұрғындарымен кездесіп, өз өмірі мен шығармашылығы туралы ой бөліскен еді. Сол кездесуде-ақ оның өмірге деген құштарлығы мен қайсарлығы көпшіліктің жүрегінен орын алған.
Шараға қоғамдық ұйым өкілдері, қала мектептерінің оқушылары мен ұстаздары, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Сәуле Шакенева, сондай-ақ, «AMANAT» партиясы Екібастұз қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мәриям Мәлікова қатысты.
Павлодар облысының Песчаное ауылында дүниеге келген Әділхан сирек кездесетін туабітті патологиямен – аяқ-қолсыз өмір есігін ашқан. Алайда бұл тағдыр сынағы оның болашаққа деген сенімін сындыра алмады. Отбасының мейірімі мен өмірге деген сүйіспеншілігі жас баланың бойына қайсар рух пен өмірге құштарлық ұялатқан. Он жасына дейін Оңтүстік Қазақстандағы арнайы интернатта оқып, кейін туған ауылындағы №2 мектепке ауысқан Әділхан қатарластарымен бірге білімін жалғастырды.
Кездесуде осы мектептің директоры Назыгүл Әліпова жас суретшінің табандылығы мен ерік-жігерін ерекше атап өтті.
– Әділханның анасы алғашында баласын үйден оқыту туралы өтініш білдірген еді. Алайда біз оның ұжымда, қатарластарының арасында оқуы қажет екенін түсіндірдік. Сол сәттен бастап мектепте барынша ыңғайлы жағдай жасалып, арнайы құрал-жабдықтар орнатылды. қозғалысқа ыңғайлы жағдай жасалды. Әділханның өзі де өте ынталы бала болды. Кейін аудан әкімдігі заманауи автоматтандырылған арба сыйлады. Осылайша, Әділхан мектеп өміріне белсене араласып, сурет, ән және мәнерлеп оқу байқауларында жүлделі орындарға ие болды, – деді ол.
Анасы Галина Қыпшақованың айтуынша, ұлы ешқашан өз тағдырына налыған емес. Протез қолданбай, барлық істі өз күшімен атқарады: сурет салып, жазады, тамақтанады, үй шаруасына көмектеседі. Ең бастысы, өзін өзгелерден төмен санамайды, өмірге қуанышпен қарайды.
Кездесу барысында Павлодар облысының Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Сәуле Шакенева Әділханның өмірлік ұстанымын ерекше бағалап, оны «мүмкін еместің өзін мүмкін етудің символы» деп атады.
Өз кезегінде Әділхан да қатысушылармен ашық әңгімелесіп, өмірлік тәжірибесін бөлісті.
– Мен өзімді өзгеше сезінбеймін. Әр адамның өмірінде қиындықтар болады, бірақ сол сынақтар адамды шыңдайды. Ең бастысы, өзіңді қабылдап, жақсы көру. Өмір тек ренжу мен қорқыныш үшін берілмегенін түсінген сәттен бастап бәрі өзгереді, – деді жас суретші.
Бүгінде Әділхан Торайғыров университетінің журналистика факультетінде білім алуда. Болашақта кәсіби журналист әрі тележүргізуші болуды мақсат етеді. Ал сурет салу – оның жан тыныштығы мен шығармашылық еркіндігінің көрінісі. Аниме стиліндегі туындыларға қызығушылығы «Наруто» мультфильмін көргеннен кейін пайда болған. Кейін жапон өнеріне тән мәнерде сурет сала бастап, алғашқы жеке көрмесін Павлодар облыстық көркемсурет музейінде өткізді. Бұл бастамаға түрткі болған да Сәуле Шакенева еді.
Кеш соңында пауэрлифтингтен әлем чемпионатының күміс жүлдегері, «Разные равные» байқауының бас жүлде иегері Сандуғаш Ақанова мен «Мисс Оригинальность» аталымының иегері Алма Тұрғанбаева өнер көрсетіп, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Бұл кездесуден кейін Әділхан Қыпшақовтың ерік-жігері мен өмірге деген сенімі көпшілікке шабыт беріп, мүмкіндіктің шексіз екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Ділназ Серікбай
