Елімізде 1 қыркүйекте емханаларға еркін тіркелу науқаны басталды. Бұл науқан 1 қарашаға дейін жалғасады. Осы аралықта әрбір азамат өз еркімен медициналық ұйымды таңдай алады немесе бұрынғы емханасын жаңа ұйымға ауыстыра алады. Бұл мүмкіндік Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің №194/2020 «Жеке тұлғаларды медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарына бекіту қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады.
Қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте №3 қалалық емхананың бөлім меңгерушісі Айзат Халелова науқанның барысы туралы мәлімет берді. Оның айтуынша, медициналық қызмет алу үшін eGov.kz электронды үкімет порталы арқылы онлайн тіркелуге немесе емханаға барып, тікелей өтініш беруге болады. Өтінімге 1 жұмыс күні ішінде жауап беріледі.
Ескерте кететін жай, азаматтарға бұрын тіркелген емханасына қайтадан тіркелудің қажеті жоқ. Егер жаңа емханаға өтініш берілсе, бұрынғы тіркеу автоматты түрде жойылады.
Айзат Халелованың айтуынша, толтырылған мәліметтер дұрыс болмаса, тұрғылықты жері емханадан тым алыс орналасса, емханадағы тіркелген адамдар саны шектен асып кетсе, балаларды тіркеу үшін құжаттар толық болмаса, өтініш қабылданбауы мүмкін.
Медициналық ұйымды тұрғылықты жерге қарамастан таңдауға болады. Дегенмен ол ұйым азаматтың үйінен жаяу жүргенде 20 минуттық жерде орналасуы керек. Алайда пациенттің жағдайы ауыр болса, дәрігер мекенжайдың алыс болуына қарамастан үйіне барады.
– 4 жасқа дейінгі балалар тек тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркеледі. Ал 6-12 жас аралығындағы балалар ата-анасымен бірге тіркелуі тиіс. Тіркелу үшін жеке басты куәландыратын құжаттар қажет, – дейді Айзат Қуантайқызы.
1 қыркүйектен бері №3 емханаға 443 адам тіркелуге өтініш берген. Алайда өтініштердің 33-і дұрыс толтырылмағандықтан қабылданбапты. Қазіргі таңда емханаға тіркелген тұрғындар саны
49 мыңға жуық. Емхана Төртүй, Шиқылдақ секілді бірқатар ауылдарға да қызмет көрсетеді.
Гүлсана ҚУАТҚЫЗЫ