Жыл сайын жарияланатын «Қамқорлық» айлығының мақсаты – қарт адамдарға қамқорлық көрсету. Осы орайда, 1 қазан – Қарттар күнінде басталған игі шаралар әлі де жалғасын табу үстінде. 14 қазан күні Екібастұз қалалық мәслихатының депутаты Манат Алғамбаров пен қоғам белсендісі Мырзағали Ерғалиев Солнечный кентінде болып, биылғы жылы 90 жасқа толған үш қарияға сый-сияпат жасады.
Жүзін әжім торлаған Кәримаш Рақышева әже әлі қунақы екен. Көңілін аулап, құрмет білдіре келген азаматтарға батасын беріп, сыйлықты ризалықпен қабылдады. Қарияның Солнечный кентінде тұрып жатқанына 31 жыл болыпты. Балабақшада жұмыс істеп, зейнетке шыққан келіні Сәуле Рақышева енесін күтіп отыр.
Қарт адамдар бала сияқты емес пе, 90 жастағы қария Леонид Васильевич бізді босағасынан күтіп алып, қонақ бөлмесіне бастады. Биік столдың үсті толы – газеттер. Содан-ақ ақсақалдың мерзімді баспасөздегі жаңалықтарды қалт жібермейтіні байқалды. Әңгімесінен білгеніміз, мамандығы зоотехник екен. Ертіс ауданында туып-өскен Леонид Васильевич кезінде Тереңкөл ауданы «Бобровский» кеңшарында бас зоотехник, Ертіс ауданының «Кутузов» кеңшарында директор болып қызмет істеп, адал еңбегі бағаланып, «Құрмет белгісі» орденімен марапатталыпты. Тоқсан жасымен құттықтай келген Манат Қажыбекұлы мен Мырзағали Жылқайдарұлы да ауыл шаруашылығы саласының майталмандары емес пе, үшеуара ортақ әңгіме табылып, қария өткен өмір жолынан хабардар етіп, қоштасарда алғысын жаудырды.
Жалғызілікті қария Виктор Сакин де кеңес заманында бірқатар қалада болып, әр түрлі жұмыстар атқарыпты. Қартайған шағында жападан-жалғыз қалған қарттың керек-жарағын әлеуметтік қызметкер жеткізіп беріп тұратын көрінеді. Осылайша, мемлекеттің қамқорлығын көріп отырған Виктор Семенович те жасалған сый-сияпатқа ризашылық білдірді.
Бізбен бірге жүрген Солнечный кенті әкімінің орынбасары Сәния Жұмашеваның айтуынша, осы жылы 90 жасқа толатын тағы екі қария бар екен. Мұны естіген халық қалаулысы Манат Алғамбаров олардың да ескерусіз қалмайтынын айтты.
Айтпақшы, бұл жолы үш қарияға солнечныйлық кәсіпкер Ақсұлтанәли Мұртазаевтың атынан да сыйлықтар табыс етілді.
Сапар соңында депутат Манат Алғамбаров кенттегі №16 орыс мектебі мен №28 қазақ мектебінде болып, білім ордаларындағы хал-ахуалды білді. Биылғы жылы №16 мектепке бюджеттен қаржы бөлініп, пластик терезелер орнатылыпты. Енді алдағы жылы жүгіру жолы бар жазғы спорт алаңы жасалады екен. Былтыр жас маман Әлихан Құдайбергеновке пәтер беріліпті. Қалалық мәслихат депутаты Манат Қажыбекұлы сайлаушылар өтініштерінің орындалуына атқарушы биліктің қолдау білдіргенін тілге тиек етіп, алдағы уақытта да осындай игі істер атқарылатынына сенім білдірді.
Ж.Жәлелұлы

