Көп жағдайда жеке мүліктің ұрлануына иелерінің салғырттығы себеп болып жатады. «Шығасыға иесі басшы» демекші, кей тұрғындар вело-мотокөліктерін бейнебақылау камералары орнатылмаған орындарға құлыптамай қалдырып кетеді. Мұндай әрекеттер ұрлыққа жол ашатыны белгілі.
Қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ұрлықтың себептері мен мүлікті қорғау жолдары талқыланды. Полиция басқармасы криминалдық полиция бөлімінің аға жедел уәкілі, майор Ерболат Сайкеновтың айтуынша, әр азамат өз мүлкін қорғауға міндетті.
– Әр адам өз мүлкін қорғай білуі тиіс. Кәсіпорындарда, сауда орталықтарында, тұрақтарда камералар орнату, күзет қызметін жалдау ұрлықтың алдын алуға мүмкіндік береді. Өкінішке қарай, барлық аумақтарда камералар орнатылмаған, – деді ол.
Құқық қорғаушылар ҚР Қылмыстық кодексі 188-бабының 1-тармағына сәйкес, бөтеннің мүлкін ұрлаған адамға айыппұл салудан бастап үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын ескертеді. Қылмыстың ауырлығына байланысты жаза да күшейе түседі.
Қазіргі таңда көпқабатты үйлердің подъездеріне балалар арбасы, самокат, велосипед сияқты мүліктерді қалдырмау жөнінде ескерту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мүлікті бұлай қалдыру оның қолды болуына әкеп соқтыруы мүмкін. Осы бағытта полиция мен төтенше жағдайлар басқармасы бірлесіп рейдтер ұйымдастыруда.
Соңғы уақытта кәсіпорындардан түсті металдардың ұрлану деректері де азаймай тұр. Осыған байланысты түсті металл қабылдайтын орындар күн сайын тексерілуде.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде ұрлық фактілері өткен жылмен салыстырғанда 33,2 пайызға азайған. Пәтер тонау бойынша да дәл осылай – 33 пайызға төмендеу тіркеліп отыр.
Бүгінде «Құқықтық тәртіп», «Есептегі элемент», «Мал ұрысы» сынды профилактикалық іс-шаралар жүйелі түрде өткізіліп келеді. Мұндай кешенді жұмыстар құқық бұзушылықтың алдын алуға және азаматтардың мүліктік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Кенже ҚУАТ