8 қазан күні Екібастұз қаласындағы «Самғау» балалар шығармашылығы орталығында «Ұлы тұлғалардың дара жолы» атты IV республикалық конференция өтті. Бұл тағлымды шарада ел тарихына есімдері алтын әріппен жазылған тұлғалар – Қазақстанның Халық Қаһармандары мен Еңбек Ерлері жастармен жүздесіп, өздерінің өмір жолы мен ерен ерлік тарихы туралы әсерлі әңгіме өрбітті.
Конференция делегациясын «Tаuelsiz Qazaqstannyn Halyq Batyrlary» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Халық Қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев бастап келді.
Бақытжан Ертаев – 1952 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген, тәуелсіз Қазақстанның алғашқы әскери қолбасшыларының бірі. 1997–2000 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының бастығы қызметін атқарған. Әскер қатарында түрлі жоғары лауазымдарда болып, ел қауіпсіздігін нығайту ісіне сүбелі үлес қосқан. «Даңқ», «Қызыл Жұлдыз» ордендері және басқа да марапаттардың иегері. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагерлері қоғамдық бірлестігінің төрағасы қызметін атқарады.
Шараға ел мақтанышына айналған еңбек адамдары – шахтер Тұрсынбек Мақышев, педагог Эльмара Траисова, агро-өнеркәсіп саласының майталманы Сайран Бұқанов, сондай-ақ, жерлестеріміз – ҚР Еңбек Ері Рышат Әмренов пен машинист Мұрат Қайыргелдин қатысты. Сондай-ақ бірлестіктің атқарушы директоры Болат Ақжалов пен «Halyq Batyrlary» журналының бас редакторы Ерсаин Ғалеев те болды.
Кездесу барысында оқушылар меймандарға көкейіндегі сұрақтарын қойып, олардың өмірлік тәжірибесінен тағлымды ой түйді. Батырлар мен Еңбек Ерлері жастық шақтарындағы қиындықтарды, кәсіби жолдағы сындарлы сәттерді еске алды. Генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев өз сөзінде елге деген сүйіспеншілік пен ерлік рухының мәңгілік құндылық екенін ерекше атап өтті:
– Отанды әкелеріміз сүйгендей жүрекпен сүю керек. Мен аты аңызға айналған жерлесім – Бауыржан Момышұлының өнегесін көріп, әскери жолды таңдадым. Біз Қабанбай, Наурызбай, Мәншүк, Әлия сынды батырларды мақтан тұтамыз. Осы тұлғалардың ерлігі – бүгінгі ұрпаққа үлгі. Соңғы үш жылда біз еліміздің түкпір-түкпірін аралап, мектеп оқушыларымен, студенттермен, еңбек ұжымдарымен кездесіп келеміз. Өскелең ұрпақтың тірі мысалдарды, яғни, бүгінгі тәуелсіз Қазақстанды өз қолымен құрған адамдарды көруі маңызды. Осындай жүздесулер жас буынға жігер мен сенім береді, – деді ол.
Генерал ардагерлер мен жастар арасындағы сабақтастықтың маңызын да ерекше атап өтті.
– Ауған соғысының ардагерлері – соғыстың ащы дәмін татқан жандар. Сондықтан олар бейбіт күннің қадірін терең түсінеді. Сол себепті олардың міндеті – жастарды елін сүюге, татулық пен тыныштықтың бағасын білуге тәрбиелеу. Ақсақал бар жерде – ақыл бар, жастар бар жерде болашақ бар. Ал ақсақал мен жастың бірлігі – бейбітшіліктің биік туы, – деп түйіндеді ол сөзін.
Сондай-ақ оның «Батыр таққа таласпайды, оны қорғайды» деген нақылы залда отырған жастардың жүрегіне жетіп, патриоттық рух пен елге қызмет етуге деген жігер отын жаққандай болды. Кездесуге қатысқан Еңбек Ерлері де өз өмір жолдарынан мысал келтіре отырып, еңбектің қадірін, адалдық пен тұрақтылықтың адамды биікке шығаратынын айтты.
– Бұл кездесудің басты мақсаты – жастарға отансүйгіштік пен еңбексүйгіштік рухын сіңіру. Оқушылар еңбек адамының табысқа қалай жететінін сұрап, үлкен қызығушылық танытуда. Осындай жүздесулер өскелең буынға еңбектің қадірі мен маңызын терең ұғындырады. Еңбек адамын дәріптеу – жас ұрпақ тәрбиесінің өзегі, – дейді Еңбек Ері Рышат Әмренов.
Кездесу соңында оқушылар мен қатысушылар меймандардан естелік қолтаңба, «Halyq Batyrlary» журналының жаңа нөмірлерін сыйға алды.
Бұдан кейін қонақтар «Богатырь» көмір кенішіне барып, өндіріс орнын аралап, алып кәсіпорынның тарихы мен қазіргі тыныс-тіршілігімен танысты. Кеніштің шолу алаңында естелік суретке түсіп, Екібастұздың еңбек даңқына тәнті болды. Сапар әрі қарай Қ.Сәтбаев атындағы Екібастұз инженерлік-техникалық институтында жалғасты. Мұнда студенттермен ашық сұхбат өтіп, жастар әскери қызмет пен техникалық мамандықтардың қыр-сыры жайлы сұрақтар қойды. Құрметті қонақтар Рышат Әмреновтің есімі берілген аудитория мен институт мұражайын аралады.
Конференция соңында генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев сапарды қорытындылай келе:
– Еліміз егемендік алған күннен бүгінге дейін 34 адам «Халық Қаһарманы» атағын, 48 азамат «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын иеленді. Бүгінде олардың көбі ортамызда. Біздің ұйымның басты мақсаты – жоғалған дәстүрлерді жаңғыртып, өскелең ұрпақтың бойына отансүйгіштік, толеранттылық пен өзара сыйластықты дарыту. Себебі кез келген мемлекеттің болашағы патриоттық тәрбиеге негізделеді, – деді.
Батырлар мен Еңбек Ерлері Баянауыл еліне жол тартты. Олар Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының кесенесіне және Қаныш Сәтбаев туған топыраққа барып, ұлы тұлғалардың ізімен жүріп өтті. Сапар Павлодар қаласында өткен Қазақстан Халық Батырларының IV қорытынды конференциясымен түйінделді.
Ділназ Серікбай
