Алдағы қыстың хабаршысындай болып 14 қазан күні таңертең Екібастұзда қылаулап қар жауды. Енді көп ұзамай Арқаның алты айға созылатын қысы жетіп, боранды-шашынды күндер болары анық. Табиғаттың осындай құбылмалы мінезіне коммуналдық кәсіпорындар әзір болуы тиіс. Осыны ойлаған қала әкімі Аян Бейсекин шаһар тазалығына жауапты «Диас-Дар» және «Екібастұзкоммунсервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінде болып, арнайы техниканың дайындығын көзбен көрді.
«Диас-Дар» ЖШС базасының кең ауласында осы кәсіпорын мен тағы бір мердігер – «Ардабил» ЖШС техникасы сапқа тізіліпті.
– Мұнда түрлі маркалы 16 бірлік техника әзір тұр. Тағы төртеуі көшелерді тазалап жүр. Екеуі жөнделіп жатыр. Сонымен қатар, «Богатырь Көмір» кәсіпорнымен жасалған келісім бар. Қар қалың түсіп, жұмыс ауқымы шамадан тыс артатын болса, солардың техникасы көмекке келеді. Көктайғақта төсейтін 300 тонна инертті материал әзірленді, – деді «Диас-Дар» кәсіпорны директоры Қанат Тұрлыбеков өз сөзінде.
Ал «Ардабил» ЖШС-і байқауға 9 техникасын қойған екен. 6 техника жұмыс істеп жүр. Кәсіпорын басшысы Амангелді Әубәкіровтің айтуынша, бұл кәсіпорын да тағы бір мердігермен келісім жасапты.
– Көше жолдары тораптарын таза ұстауға қала бюджетінен нормативке сәйкес жеткілікті көлемде қаржы бөлініп отыр. Және оның мөлшері жылдан-жылға ұлғайтылуда. Коммуналдық қызмет көрсету саласында еңбек нарығында бәсекелестік күшейді. Сондықтан жұмыс күшін тұрақтандыру мақсатында жұмыскерлердің еңбекақысын жыл сайын индексациялауға, әлеуметтік пакетті жақсартуға көңіл бөлу қажет, – деген қала басшысы Аян Уахитұлы бірқатар жүргізуші-механизаторлармен сөйлесіп, жағдайларын білді.
Осыдан соң қала әкімі «Екібастұзкоммунсервис» ЖШС базасында болды. Мұндағы арнайы техниканың көптігі сондай, кең аулаға әрең сыйып тұр. Ол түсінікті де. Аталмыш кәсіпорын шаһардың басым бөлігіндегі тазалыққа жауапты, қатты тұрмыстық қалдықтарды да шығарады.
– Кәсіпорында 100 арнайы техника бар. Жыл сайын техника паркі жаңартылып тұрады. Жұмыс күші жеткілікті, – дейді кәсіпорын директоры Нұрланбек Умиев.
Қала басшысы сапқа тізілген техниканы аралап көріп, кәсіпорын жұмысына жалпы көңілі толатынын айтты. «Екібастұзкоммунсервис» ЖШС таяуда бірнеше жаңа техника сатып алған екен. Қала әкімі сол көліктердің кілтін Нұрлан Ақажановқа, Мұрат Серажиденовке, Жолмұрат Жұмабековке, Василий Сыздықовқа табыс етті. Ал кәсіпорын директоры бұрынғы машинасын 10 жыл күтіп ұстап, енді жаңа техника кілтін алған Нұрлан Ақажановқа 250 мың теңге ақшалай сыйлық та берді.
Иә, қысы-жазы дамыл таппай еңбек ететін жұмыскерлердің маңдай тері бағалануы тиіс. Мұны қала басшысы да мердігер ұйымдар басшыларына қадап тапсырды. Ал байқау қорытындысы қыс мезгілінде өздеріне жүктелген міндеттер үдесінен шығуға мердігерлер әлеуеті жеткілікті екенін көрсетті.
Ж.Сәдуақас