Торайғыров көшесі бойындағы жап-жасыл футбол алаңы теңбіл допқа құмар балалар үшін керемет сый болып тұр. Осыдан бірер жыл бұрын пайдалануға берілген алаң биыл жазда қайта жаңаланып, тіптен жайнап кеткен-ді. 6 қазан күні жаңартылған футбол алаңының салтанатты ашылу рәсімі өтіп, оған Астанадан Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы, кезінде ұлттық құраманың қақпасын қорғаған әйгілі қақпашы Давид Глория келіп қатысты.
Қос қапталда көздері жайнап сапқа тізілген жас футболшылар алдында сөйлеген құттықтау сөзін қазақша жатық айтқан Давид Глория мемлекеттік тілге осылайша құрметін білдіріп, Қазақстан футбол федерациясының футбол алаңдары мен инфрақұрылымын жаңарту мақсатында «ALAN» жобасының қолға алынғанын тілге тиек етті. Аталмыш жобаның жетекшісі Сергей Поповтың сөзіне қарағанда, бұған дейін ел көлемінде 15 футбол алаңы заманауи кейіпке енгізіліп, енді тағы 7 футбол алаңы салынып жатыр екен. №1 БЖСМ-ға қарайтын Екібастұздағы футбол алаңына CCGRASS компаниясының заманауи жасыл жабындысын төсеуге 117 миллион теңге қаржы жұмсалыпты. Сөйтіп, футбол алаңы халықаралық стандарттарға сай келтіріліпті.
Айтпақшы, футбол алаңын жаңартуға қала әкімі Аян Бейсекин де көңіл бөліп, қала қазынасынан бөлінген қаржыға 102 орындық жанкүйер трибунасы мен екі жылы киім ауыстыру бөлмесі жасалыпты.
Салтанатты рәсімде, сонымен қатар, Павлодар облысы әкімдігінің денешынықтыру және спорт бас-
қармасы басшысының орынбасары Қайрат Ахметжанов, Павлодар облыстық футбол федерациясының президенті, аңыз футболшы Ойрат Садуов, екібастұздық белгілі жаттықтырушы Евгений Скоробогатский де сөз сөйлеп, жаңа футбол алаңының доп тебуге ыңғайлы екенін айтып, жас футболшылар арасынан атақты ойыншылар өсіп шығуына тілектестік білдірді.
Салтанатты рәсімде Арман Рай ән шырқап, әжелер шашу шашып, жас футболшыларға футбол федерациясы атынан сыйлықтар таратылды.
– Сыйлыққа қуанып тұрмын. Ішінде футболшы формасы, өзге де керек-жарақ бар екен. Өзімнің футболмен шұғылданып жүргеніме 7 жыл болды. Бапкерім – Юрий Корзаков. Мына жаңартылған алаңда доп тебу тамаша, шеберлік шыңдауға жағдай жасалған, – дейді 12 жастағы Асанәли Қонақбай жүзі бал-бұл жайнап.
Осылайша әйгілі футболшыларды көріп, естелік суретке түсіп, сыйлық алып олжалы болған балалар алаңға шығып, Дидар Садықбектің шеберлік сабағына қатысты.
