Екібастұз қаласында тұратын Шәйкен апаны көпшілік іздеп жүретінін, жасаған еміне ризашылық білдіретінін байқап жүремін. Шәйкен апа – сынықшы. Негізі ел ішінде сынықшыларға деген құрмет ерекше ғой. Медицина саласы қаусап тұрған қазіргі уақытта жұрттың бұрынғы өткен емші-сынықшыларды аңсап еске алатынын байқаймыз. Бүгін біз Шәйкен апаның өзімен және оның емінен шипа тапқан бірер адаммен дидарласып, емшілік баянына үңілгенді жөн көрдік.
Шайкамила (Шәйкен) Жоңқабайқызы 1950 жылы 25 желтоқсан күні Баянауыл ауданы 1 май ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келіпті. Әкесі – соғыс ардагері Жоңқабай Жұмаділұлы Жақып, анасы Елдеш Омарқызы екен. Жұбайы Сағын Сыздықбековпен бірге он бала тәрбиелеп өсіріпті, «Алтын алқа» иегері.
– Отбасымда екінші қыз болғандықтан, әкеме жақын болдым. Әкеммен қой бағып жүргенде қозылардың аяғын сындырып, қайта салып жүріппін. Сол кезден бастап бойымда сынықшылық қасиетім барын әкем сезе бастаған екен. Ол кезде жасым небәрі 8-де еді. Бұл қасиет арғы атам Жақыптан берілсе керек (мен оның шөбересімін). 1970 жылы Жұмат Шанин ауылына Сәлкен Сыздықбековтің әулетіне келін болып түстім. Жолдасымның жұмыс бабымен Желтау ауылына көшіп бардық. Сонда Алтын есімді ауылдасым: «Сенің бойыңда қасиет бар. Қызым аяғын ауыртып алды, қарашы», – деп, баласын алдыма тосты. Ол кезде жасым 25-те еді. Содан бастап көрші ауылдардан адамдар келе бастады. Уақыт өте келе құмалақ ашып, тіл-көз тиген, ит ауруымен ауырған кішкентай сәбилерді және мертіккен адамдарды емдей бастадым. Осы уақытқа дейін адамдар үзілген емес, керісінше, артып келеді, – дейді Шәйкен апа.
Рахима Сәрсенбаева, Астана қаласының тұрғыны:
– Шәйкен апамызды Тәңірі ел игілігіне жаратқан деп ойлаймын. Өйткені ауыл адамдарының ол кісінің алдынан өтпегені кемде-кем. Үлкен де, жас та, кішкентай нәрестелер де ол кісінің көмегін көріп, шарапатын сезінді. Апамыз тек сынықшылықпен ғана айналысқан жоқ, нәрестелерді ит ауруынан емдеп, қатарға қосатын. Мен кішкентай Бүркітімді ол кісінің алдына тоғыз рет апардым. Шыққан буынды, сынған сүйекті – бәрін-бәрін орнына салып берді. Тоғызыншы рет барғанымда, «Мына баланың сынығын тоқтату керек», – деп, бес жұмыртқаны үшкіріп, «Осыны шикілей ішкізсең, қайтып менің алдыма келмейді», – деген еді. Содан бері баламда бәрі жақсы. Астанаға көшіп келгеннен кейін өзім сатыдан құлап, жамбасым мен ортан жілігімді зақымдадым. Содан жүре алмай қалғанымда, осы апама барып емделіп қайттым. Үлкен немерем кішірек кезінде диваннан құлап, тобығын шығарып алғанда да Шәйкен апаға жүгіндік.
Бақтыгүл Әбсәламқызы, ардагер ұстаз, Екібастұз қаласының тұрғыны:
– Шәйкен апаның ауырған жерді бір сипағанының өзі – ем. Біздің отбасымыздағы бала-шағаның сынығы да, буындарының шығуы да сол Шәкеңнің қолының шипасының арқасында жазылып, бітіп кетті, Аллаға шүкір. Немерелер шошынса, балалар: «Мама, тәтеге қоңырау шалыңызшы, үйінде ме екен?» – деп жатады. Бір көршіміздің сынған қолы түзу салынбағандықтан мазасы қашып жүр екен. Мен айтқан соң Шәкеңе барған ғой. Сөйтсе, сүйегі айқасып кетіпті, сынықшының шарапатымен жазылып кетті. Мұндай жағдай менің де басымнан өтті. Ауылда тұрғанда жолдасым «К-700» тракторының тіркемесіне артылған темірлерді түзетемін деп жерге оңбай құлап, қатты мертікті. Жамбас пен жілікті салу өте қиын екен. Шәкең жолдасымды толық емдеп шықты. Балалардағы ит ауруын да емдеді. Шәкең ауылдан көшкенде, үлкендер қатты қапаланған еді. Алла бойындағы күш-қуаттан арылтпай, халықтың алғысына бөлене бергей!
Толғанай Жанахметова:
– Шәйкен тәтеміздің аты аталса, көзіме жас келеді. Себебі ол кісінің біздің отбасымызға жасаған жақсылығы мен шарапаты өлшеусіз. Үлкен қызым Келбеттің қолы шығып, сынған кездерінде Шәйкен тәтенің алдына сан бардық. Ақеркенің де, Игіжанымның да талай мәрте қолдары шығып, көз тиген кездері болды. Сұлық жатқан, ес-түссіз апарған баламды көз алдымызда дұға оқып сипап, үшкіріп, дем салып бірден оятып алған. Шәйкен тәтенің маған айтқан бір сөзі әлі есімде: «Көктемде күн күркіремей, көкек шақырмай тұрған уақытта жаңа туған баланы және оның киімін апақ-сапақта, яғни, кеш батқанда немесе түнгі уақытта далада ұстама». Игіжан сәуір айында қырқынан шыққан (2-3 айлық шамасы), күн жылынып, тау жақтан жылғаны бойлап су ағып жатты. Көршім Рүстем мен Толқынға еріп өрістен келетін қойды күтіп, есік алдында біраз жүрдік. Кеш батып бара жатқан, жаңағы айтқан апақ-сапақ кез, үйге кіргіміз келмей біраз жүрдік. Үйге кіргеннен кейін баланы жуындырмақ болғам. Балам бетіне су тиісімен шар ете қалды, содан тоқтамай 10 минуттан аса жылап, есінен танып қалды. Сол жылы Шәйкен тәтелер бізге көрші болып тұрды. Баламды орап алып, жүгіріп сол үйге бардым. Тәте баланы қолымнан жұлып алып, дұғасын оқып, оң қолымен бетін үш рет сипады. Дем алмай жатқан бала терең демалып, бірден көзін ашты. «Мына баланы апақ-сапақта далада неге ұстадың, баланың бетіне жын-шайтан қаптап алыпты», – деп, мені иығымнан бір түйді. Сөйтсем, «күнмен таласып ұйықтама» дегеннің мәнісі осы екен…
Жанаргүл ҚАДЫРОВА