Түркістан облысында жылан мен кірпі етінен дәрі жасап, талай жанның дертіне шипа сыйлап келе жатқан емші тұрады. Көпшіліктің көзіне түсе бергенді қаламайтын қария қазір 70 жаста.
Бәйдібек ауданында тұратын Орынбек атаның емшілік жолды ұстануына өзінің дерті себеп болған. Кеңес үкіметі кезінде қатты сырқаттанып, талай аурухананың табалдырығын тоздырыпты. Еміне шипа таппаған оған аян түс кірген. Уақыт өте келе түсінде көргенін жасап, жыланды қайнатып, сорпасын ішеді. Бір ішкеннен-ақ нәтиже көрген Орынбек ата бұл шипаның түп-тамырына үңілгенді жөн көріп, жыланды зерттей бастайды.
Ол алғаш рет ауыл қойшысын емдеп көріпті. Ішкілікке салынып, өмірі қыл үстінде тұрған қойшыны қарияға көршілері алып келеді. Оған да жыланның сорпасын беріп, емдейді. Сырқат қойшы көп уақыт өтпей ет жинап, реңі кіре бастайды. Міне, содан соң Орынбек емшіге келушілер саны арта бастапты.
Бүгінде тек Түркістан облысы емес, еліміздің түкпір-түкпірінен емшіні іздеп баратындар көп. Кейде ол төсек тартып жатып қалған науқастарды үйіне барып та емдейтін көрінеді.
Бәйдібек ауданындағы қойшы атаулы ұстап алған жыландарын емшіге өткізеді. Жыланды қария үйде өзі асырайды. Оған қойдың құйрық майын береді екен. Үш-төрт бөлік құйрық майы бір жылан үшін алты айлық азық көрінеді.
Орынбек емші науқастарды жыланның сорпасымен ғана емдемейді. Оның уынан және майынан түрлі дәрілер жасайды. Алғашында тек жыланнан дәрі жасап жүрген ол уақыт өте тасбақа, кірпіден де дәрі жасауды қолға алыпты.
«Тек жылан емес, құрбақа, шегіртке, кірпі, борсық, қарақұрттан да дәрі жасаймын. Жыланнан жасалған дәрі – түрлі дертке шипа. Мәселен, асқазан, бүйрек, бауырға таптырмас ем. Керек десеңіз, аты жаман ісік ауруларына дейін жыланнан жасалған дәрімен емдеуге болады. Денедегі жараның түгін қалдырмайды. Ақ қан, қант диабетіне шалдыққандар да сауығып кетеді. Жыланның майымен көз ауруларын да емдеуге болады», – дейді Орынбек ата.
Емші 30 жыл ішінде жыланның ешкіемер, майжылан, атпажылан, сұр жылан сынды 21 түрінен дәрі жасап үлгеріпті.
Емші жыланды екі литр суда екі сағат қайнатып ішуді ұсынады. Дерттің түріне қарай оған қарақұрт, тасбақа, кірпіден алынған дәрі қоспалары қосылады.
«Біздің ата-бабамыз қазақи жолмен талай дертті жазған. Негізі жыланның сорпасын бір рет ішкен адам бес жылға дейін ауырмайды. Себебі иммунитеті жоғарылайды», – дейді емші.
Сондай-ақ, қария жыланның жұмыртқасы кәріліктің алдын алады деп отыр. Кірпінің сорпасы адамның бүйрегі мен қуық жолына жиналған тастардан тазалайды. Ал тасбақадан жасалған дәрі еркектік қабілетті арттырады екен. Тасбақаның тырнағынан жасалған дәрінің адамның ғұмырын ұзартуға септігі мол.
Телефонмен сөйлескенде Орынбек атаның позитивті жан екенін байқадық. «Ауырған адамға жыланның сорпасы екенін айтып беру керек, нендей дәрі екенін жасыруға болмайды», – деді ол. «Менің нөмірімді қалай таптыңдар?» – деп таңданыс та білдірді. Емші атаның жасайтын дәрі-дәрмегі арзан тұрмайды екен.
Біз, әрине, Орынбек ата жасаған дәрі барлық адамды құлан-таза айықтырады дей алмаймыз, бар болғаны оның тәжірибесінде болған оң мысалдарды атағанды жөн көрдік. Ұққанымыз – сырқатты жеңуге науқастың өзінде ынта, өмір сүруге деген күш-жігер болуға тиіс…
Ж.ӘБДІКӘРІМ