«Тоқта, ботам, атаң келед артыңда,
Бұр мойныңды қалжыраған қарт ұлға …»
Иә, Мұқағали ақын жырлағандай, қарттарға құрмет көрсету кейінгі буынның парызы болып саналады. 1 қазан – Қарттар күнінде Тай, Талдықамыс және Көксиыр ауылдарының қариялары Солтан қожа атындағы мешіт асханасында бас қосты. Соңғы үш-төрт жыл бойы мерекелік дастархан қаражатын «Нұрбек» шаруа қожалығының иесі Бекжан Құлмағамбетов көтеріп жүр екен. Жасы тоқсаннан асқан Сағынтай ақсақалмен төрге қанаттаса жайғасқан аталар мен әжелерді ауыл жігіттері мен келіншектері ілтипатпен күтіп, Екібастұз ауылдық округінің әкімі Жанат Ибраев мерекемен құттықтап, ардагерлердің туған жердің өркендеуіне еңбек сіңіргендерін, бүгінгі күні бірліктің ұйытқысы болып жүргендерін атап өтті.
Ауыл өнерпаздары мен мектеп оқушылары кезек-кезек ән шырқап, қаладан арнайы шақырылған әнші Жомарт Қабікенов қариялардың құлағына жағатын халық әндері мен термелерді орындап, мерекелік шараның шырайын кіргізді. Ауыл имамы Сағындық Қажығалиұлы да қолына домбыра алып ән айтып, отбасының атынан кеш қонақтарына тарту-таралғы жасады. Ал демеуші Бекжан Құлмағамбетов зейнеткерлікке биыл шыққан Арыстан Әбдрахманов пен Әбиба Қонысбаеваға, туған күніне орай Сағынтай ақсақалға сый-сияпат көрсетті.
Дастархан басында замандастар бір-бірімен әзілдесіп, әдемі әңгіме өрбітіп, тұрмыстың жылдан-жылға түзеліп, ерінбей еңбек етіп жүрген азаматтардың шаруалары қуаттана түскенін сөз етіп, шүкіршілік етті.
Тай ауылында болған мерекелік шарадан қанаттанып шыққан біз көлік басын Төртүй ауылына бұрдық. Бірер жыл бұрын осы ауылдың тумаларының күшімен пайдалануға берілген кең де жарық асхананың табалдырығын аттағанда-ақ іштегі мерекелік көңіл күй бірден сезілді. Мерекелік кеште сөз тізгінін әнші Жомат Қабікенов ұстап, ауыл әкімі Жанат Қабдылуахитұлы қарттарды құттықтады. Бұдан соң қалыптасқан дәстүрмен мектеп, ФАП, клуб және жергілікті әкімдік ұжымдары қызметкерлері де ақ тілектерін ақтарып, өз зейнеткерлеріне сыйлықтар үлестірді. Сонымен бірге, биылғы жылы мерейлі жасқа толған Зарлық Саржанов, Гауһар Шахтаева, Бақытжан Ғаббасова, Нескен Мұхамедьянова, Ришат Тахиров, Күлзипа Қоңырова, Ережеп Әбілкешев, Байзен Жылқыбаев, Рымкеш Тұяқова, Орынбай Маханов, Михаил Махановтар да сый-сияпат көрді. Ағымдағы жылы зейнеткерлер қатарына қосылған Амангелді Сембин, Үмбат Шаяхметов, Ардақ Есеналинова ортаға шақырылып, сыйлықтар табыс етілді. Мерекелік кештің барысында «Қос бәйтерегім», «Ағаларым», «Аппақ гүлдер» және тағы басқа әндер айтылып, лотерея ойнатылды.
Қарияларға тамаша көңіл күй сыйлаған мерекелік кеш Жомарт Қабікенов орындаған «Дариға дәурен», «Қалдырған» әндерімен түйінделіп, демеушілер: «Жанель», «Ербол», «Амир, Кари», «Еркінжас», «Кенжетай», «Еркебұлан», «Сәкен», «Айзере», «Тұрсын», «Қайыржан», «Темирлан» шаруа қожалықтарының басшылары мен жеке кәсіпкерлер М. Кицуль мен Айгүл Шаймарданованың атына алғыс айтылды.
Ж. Жәлелұлы