25 қыркүйек күні «Самғау» балалар шығармашылығы орталығында мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруді мақсат еткен «Алтын қақпа» әдеби-музыкалық, лингвистикалық бағдарламасының қорытынды кезеңі өтті. Жыл басынан бері өткізіліп келе жатқан бұл жобаға қаладағы түрлі кәсіпорындар, білім беру және денсаулық сақтау мекемелерінің ұжымдары қатысып, іріктеу кезеңінен өткен он команданың ішінен үздік бестігі ғана ақтық сынға жолдама алды.
«Атамұра» мәдениет орталығының директоры Нұрсұлу Төлеубаеваның айтуынша, бағдарлама көктемде бастау алған. Оның басты мақсаты – мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтіп, қазақ тілін қоғам өмірінің барлық саласында кеңінен қолдануға ықпал ету. «Ақтық сынға шыққан бес команда өздерінің білімдері мен өнерлерін тағы бір мәрте шыңдап көрсетті. Бұл жолғы тапсырмалар алдыңғы кезеңдерге қарағанда анағұрлым күрделі болды. Қатысушылардан ой ұшқырлығы да, шешендік қабілет те, өнерпаздық та талап етілді. Қазылар алқасы Екібастұз қалалық әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің жанындағы тіл саясатын жетілдіру тобының кәсіби мамандарынан құралды», – деді ол.
Финалға «Шығыс» кенішінің командасы, ИнЕУ жоғары Екібастұз колледжінің «Тіл Taim» тобы, №22 гимназия-мектебінің «Сазды сөз» командасы, №3 қалалық емхананың «Денсаулық сақшылары» және Б.Нұржанов атындағы МАЭС-1 станциясының «Өндіріс өрендері» қатысып, өзара бақ сынады.
Қорытынды жарыс төрт кезеңнен тұрды. «Тұлғаның ізі» бөлімінде қатысушылар биылғы айтулы даталарға арналған шағын монологтар дайындады. ҚР Конституциясының 30 жылдығы, Абайдың 180 жылдығы, Ұлы Жеңістің 80 жылдығы, Жаяу Мұсаның 190 жылдығы, Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы сияқты мерейлі белестер сахналық қойылым, арнау немесе поэтикалық монолог түрінде көрініс тапты. «Шебер сөз иесі» кезеңінде командалар экраннан көрсетілген суреттерді көркем тілмен сипаттап, шағын әңгіме құра арқылы шешендіктерін көрсетті. Әсіресе, ИнЕУ колледжі мен №22 мектептің ұстаздары бейнелеу шеберлігімен көзге түсті. Ал «Білім бұлағы» бөлімінде әдеби шығармадан алынған үзінділердің авторын табу талап етілді. Қатысушылар Мұхтар Әуезов, Дулат Исабеков, Мұқағали Мақатаев, Әзілхан Нұршайықовтың шығармашылық қолтаңбасын дәл табуы керек болды.
Соңғы «Бір әріп – мың мүмкіншілік» кезеңінде қазақтың төл дыбыстарының бірінен басталатын сөздерді барынша көп айту міндеттелді. Қатысушылар қысқа уақыт ішінде сөздік қорын молынан көрсетіп, тапқырлықтарымен ерекшеленді.
Б.Нұржанов атындағы №1 МАЭС-тің инженері Мұрат Мырзатаев командасының дайындығы туралы:
— Біз көбінесе ақын-жазушылардың туындыларын оқып, сұрақтарға тапқырлықпен жауап беруге машықтандық. Станцияда қазақ тілі кабинеті жұмыс істейді. Бізді дайындаған жетекшілерімізге алғысымыз шексіз, – деді ол.
Ал ИнЕУ колледжі құқықтану пәнінің оқытушысы Әйкерім Биғашиева іріктеу кезеңіндегі көне сөздер мен ұмыт болған әдет-ғұрыптарға қатысты тапсырмалардың қызық әрі пайдалы болғанын атап өтті.
Нәтижесінде І орын ИнЕУ жоғарғы Екібастұз колледжінің «Тіл Taim» командасына (100 000 тг) бұйырды. ІІ орын №22 гимназия-мектебінің «Сазды сөз» командасына (80 000 тг),
ІІІ орын Б.Нұржанов атындағы №1 МАЭС-тің «Өндіріс өрендері» командасына (60 000 тг) берілді. Сонымен бірге, «Ұлт үні – ана тілімен» аталымы «Шығыс» кенішінің командасына берілсе, «Әдеби сөздің білгірі» номинациясын №3 қалалық емхананың «Денсаулық сақшылары» иеленді.
Ділназ Серікбай
