Екібастұз қаласының тұрғыны, Павлодар облысы мамандандырылған күзет қызметі басқармасы
2-полиция батальонының ардагері Камила Байғожина – жастық жігерін ел игілігіне тер төгуге жұмсаған жандардың бірі.
Ол 1941 жылы 22 тамызда Павлодар облысының Жолқұдық ауылында дүниеге келген. Әкесі майданға аттанып, 1945 жылы елге аман оралғанымен, көп ұзамай ауыр дерттен көз жұмады. Анасы күнкөріс қамымен жұмысқа кетіп, жеті айлық сәбиін әжесінің қолына тапсырады.
– Мен жеті айлығымнан бастап әжемнің қолында өстім. Әжем мен үшін ең қымбат адам еді. Үнемі «Адал еңбек – адамдықтың негізі, қыз баланың бақыты – тазалық пен төзімде» деп отыратын. Осы сөз менің өмірлік ұстанымыма айналды, – деп еске алады Камила апай.
Жастайынан тұрмыс тауқыметін тартса да, ешқашан мойымаған Камила Байғожинаны өмірге деген құлшынысы мен еңбекке деген сүйіспеншілігі алға жетеледі. Он сегіз жасында теміржол саласында қызмет еткен Жамбыл Байғожинмен тұрмыс құрып, өмірдің қызығы мен шыжығын бірге көрді. Өмірлік серігі 1998 жылы дүниеден өтті.
Камила Рашатқызының еңбек жолы Екібастұз қаласындағы нан зауытында басталған. Онда қарапайым жұмысшы болып кіріп, біртіндеп наубайшы, кейін өндіріс шебері дәрежесіне дейін көтерілді.
– Еңбек ауыр еді, бірақ мен өз ісімді жақсы көрдім, – дейді ол. – Таңның атысынан кештің батысына дейінгі тірлік маған қуат беретін. Ұжымда бәріміз бір үйдің адамындай едік.
Осы ұжымда 22 жыл бойы үздік қызметкерлер қатарында болып, еңбегі еленіп, марапаттар мен алғыстарға ие болды. Кейін денсаулығына байланысты жеңілдеу жұмысқа ауысып, жеміс-жидек өнімдерін өткізу бөлімінде еңбек етті. Зейнет жасына таяған шақта ол Павлодар облысы мамандандырылған күзет қызметі басқармасының Екібастұз қаласындағы 2-полиция батальонына күзетші болып жұмысқа орналасады.
– Бұл жұмыс мені өзгеше шыңдады. Күн сайынғы тәртіп, жауапкершілік, әріптестер арасындағы сыйластық өміріме жаңа тыныс сыйлады, – дейді апай.
Полиция қатарында өткізген сол уақыт Камила Байғожинаның жадында ерекше із қалдырды. Ұқыптылығы мен адалдығының арқасында әріптестерінің құрметіне бөленді. Қазір де мерекелер мен Қарттар күні қарсаңында батальон қызметкерлері арнайы келіп, халін сұрап, сый-құрмет көрсетуді дәстүрге айналдырған.
– Қызметтестерім есіктен кірсе, көңілім жай тапқандай болады. Адам еңбегі еленсе, одан асқан қуаныш жоқ қой, – дейді Камила апай.
Камила апайдың есімінің өзі де өмірінің айнасы іспеттес. Соғыс жылдары майдан даласында жүрген әкесі хат жазып: «Ұл туса – Жауынгер, қыз туса – Камила деп қойыңдар» деп аманаттаған екен.
– Әжем мені Кәкен деп атайтын. Сол есім менің бала күніммен, қазақы тәрбиеммен бірге қалды. Адамның түп-тамыры – өз тілі, дәстүрі ғой, – дейді апай.
Бүгінде ол – екі қыздың анасы, жиендерінің сүйікті әжесі. Үлкен қызы Айман – теміржол саласының зейнеткері, Екібастұз қаласында тұрады. Кенже қызы Жанна елордада энергетика саласында еңбек етуде.
– Балаларым өз жолын тапты. Ең бастысы, ел аман, жұрт тыныш болсын. Жастар еңбек етуден қашпасын. Адамның абыройы маңдай терінде. Қызметке адал болсаң, бәрі сені бағалайды. Денсаулық пен сабыр – өмірдің ең зор байлығы, ал адамгершілік бәрінен жоғары, – дейді Камила апай.
Камила Байғожинаның өмір жолы – төзім мен еңбекқорлықтың, адамдық пен парасаттың айғағы.
Ділназ Серікбай