Екібастұз, Ақкөл және Сарықамыс ауылдық округтері шаруалары мал азығын негізінен көлтабанды шабындықтардан әзірлейтіні белгілі. Осы орайда сонау кеңес заманынан бері пайдаланылып келе жатқан Шідерті
суармалы лиман жүйесінің гидроқұрылғылары ескіргендіктен, 2023 жылдың 8 желтоқсанында оны қалпына келтірудің кешенді жоспары жасалған-ды. Таяуда қала әкімдігінде болған отырыста жер қатынастары бөлімінің басшысы Данияр Дауылбаев сол жоспардың орындалуы туралы есеп берді.
Бөлім басшысының сөзіне қарағанда, 2024 жылдың 3 маусымында «ЖерҚұрылысЖобалау» ЖШС-мен мемлекет мұқтажы үшін жер телімдерін мәжбүрлеп иесіздендіру жұмыстарын жүргізуге шарт жасалған екен. Осылайша, 91 субъектінің иелігіндегі жалпы көлемі 17032 гектар жер иесіздендіріліп, жер аумағының өзгеруіне қатысты 75 қаулы қабылданып, сол қаулылар негізінде жалға алушылар шарттарына қосымша келісімдер әзірленіпті. Аталмыш жұмыс суармалы шабындықтарды «Қазсушар» кәсіпорнының балансына өткізу үшін атқарылғанын айта кету ләзім. Бұған қоса, осы кәсіпорынға Бәсентиін мен Әулиекөл каналдары дамбаларын күтіп ұстау мақсатында сол жақтағы 3748 гектар жер де беріліп отыр. Енді алдағы уақытта дамбаларды, ондағы гидроқұрылғыларды қалпына келтіру, күтіп ұстаумен «Қазсушар» кәсіпорны шұғылдануы тиіс. Десек те бұл орайда әлі толық шешімін таппаған жайттар баршылық. Алқалы отырыста мәселенің проблемалық тұстары сөз болды.
– Гидроқұрылғыларды қалпына келтіру, канал табанын тазарту, дамбаларды көтеру жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттамасын жасау қажет. Бұл үшін бөлінген қаржы жоқ. Инвестициялық бағдарламаға енгізер болсақ, екі кезеңде жүзеге асыруға болар еді. Тағы бір мәселе – ертеңгі күні қызмет көрсету ақысын кім төлейді? Өйткені жанар-жағар май құны, жұмыскерлердің айлығы, арнайы техниканың жалы және тағы-тағылары қыруар шығын емес пе. Суды пайдаланып отырған шаруалар тариф бойынша судың құнын төлеуге келісе кетуі де дүдәмал жайт, – деген «Қазсушар» РМК бас директорының орынбасары Ербол Салихбаевтың сөзінен соң біраз ұсыныстар айтылды.
Тараптарды тыңдаған қала әкімі Аян Бейсекин:
– Су жүйесін қалпына келтіру қажет. Жобалық-сметалық құжаттаманы қай тарап қолға алатынын анықтап алуымыз керек. Лимандар қалпына келтірілген соң, күтіп ұстауға қажет қаржы болады. Шаруа қожалықтары тариф бойынша төлейді. Әрине, аталмыш мәселе әлі де пысықталады. Алдағы жылы жобалық-сметалық құжаттама әзір болуы тиіс, – деп түйінді сөзін айтты.
Отырыста бұдан соң «Қазсушар» кәсіпорны Павлодар филиалының директоры Арман Оспанов сөз алып, биыл көктемде Екібастұз бен Ақтоғай өңірлеріндегі 21 мың гектар лиманға 120 миллион текше метр су босатылғанын, қазіргі уақытта тозған дамбаларда ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Осы орайда, «Табыс» шаруа қожалығының иесі Манат Алғамбаров дамбалар арасындағы шлюздердің болмауы келесі жылы жіберілген суды тиімді пайдалануға кедергі келтіретінін тілге тиек етіп еді, су шаруашылығы кәсіпорны басшылары таяуда көлтабанды шабындықтарды аралап шығып, жағдайды көзбен көріп, шешім қабылдайтын болды.
Көлтабанды шабындықтар мәселесінен соның игілігін көріп отырған шаруа қожалықтары тыс қалмауы тиіс. Осы жайтты сөз еткен қалалық қоғамдық кеңес төрағасы Жасұлан Сәдуақасов үш тарапты келісім жасауды, онда әр тараптың міндеті мен жауапкершілігін көрсетуді ұсынды. Бұл ұсынысты құптаған қала әкімі 1 ай мерзім ішінде шарт жасауға тапсырма берді.
Ж. Жәлелұлы