26 қыркүйекте есімі Екібастұз спорты тарихына жазылған жаттықтырушы Ермек
Жангуровты еске алу турнирі жалауын көтерді. Ашық турнирге Шығыс Қазақстан облысы, Павлодар қаласы, Тереңкөл мен Баянауыл аудандары, Солнечный кенті және №1 БЖСМ командалары қатысып, 2009 жылғы және жасы одан кіші ер балалар шеберлік байқасты. Ойындар №1 БЖСМ-нің спорт залы мен «Жасыбай» спорт мектебінде өтті.
Турнирдің ашылу салтанатында қала әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Жанар Тоқсамбаева, «Жасыбай» спорт мектебінің директоры Уахит Мүритов сөз сөйлеп, марқұм Ермек Жангуровтың волейболды дамытуға сіңірген еңбегі, кәсіби біліктілігі, кісілік қасиеттері туралы әңгімеледі. Ал Бөкенбай Жангуров інісі Ермекті еске алып, жыл сайын турнир өткізуді ұйымдастырып жүрген әріптес азаматтарға ризашылық білдіріп, жас волейболшыларға сәттілік тіледі.
Осы орайда, жаттықтырушы Ермек Жангуров туралы
сөз қозғаудың реті келіп тұр. Ермек Бүркітбайұлы 1969 жылы 15 қыркүйекте Баянауыл ауданының Торайғыр ауылында өмірге келген. Павлодар педагогикалық институтын денешынықтыру және спорт мамандығы бойынша бітірген. 2003-2024 жылдар аралығында №1 БЖСМ-да волейболдан жаттықтырушы-оқытушы болып еңбек еткен. Осы жылдар ішінде білікті бапкердің 23 шәкірті республикалық кәсіби клубтар мен спорт интернаттарында шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік алған. Соның ішінде Азиз Айғожа, Ибрахим Бейсембаев, Санжар Мешітбай, Мирас Алтай «Павлодар» фармклубының құрамында өнер көрсетті.
Ермек Бүркітбайұлы тәрбиелеген ұлдар командасы тамаша жетістіктерге жетті. Мәселен, 2017 жылы Оралда болған ІҮ жастар ойындарында қола жүлдеге қол жеткізіп, сол жылы ҚР жазғы чемпионатында чемпион атанды.
Өз кәсібіне берілген жаттықтырушының еңбегі бағаланып, көптеген марапаттарға ие болды. Бүгінгі күні марқұм Ермек Жангуровтың ісін әріптесі Олжас Кумаров жалғастырып, ер балаларды жаттықтырып жүр. Жас волейболшылар осы турнирде тамаша ойын өрнегімен көзге түсіп, №1 БЖСМ командасы І орынды иеленді.
ІІ орын – ОРМБЖСМ командасына (Павлодар қ.), ІІІ орын Шығыс Қазақстан облысы командасына бұйырды. Сонымен қатар, жарыстың үздік ойыншылары да анықталды. Атап айтқанда,«Үздік ойыншы» – Булежан Төрежан (Павлодар қ.
№2 ОРМБЖСМ), «Үздік шабуылшы» – Серік Әділет (Екібастұз қ.№ 1 БЖСМ), «Үздік либеро» – Байсары Санжар (Шығыс Қазақстан облысы), «Үздік қорғаушы» – Веер Давид (Тереңкөл ауданы), «MVP үздік ойыншысы» және «Үздік үйлестіруші» – Айсұлтан Абикеев (Екібастұз қ. № 1 БЖСМ). Үздік жас волейболшыларға Ермек Бүркітбайұлының отбасы атынан ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Ал турнирдің жеңімпаз және жүлдегер командаларын Екібастұз қаласы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі грамоталар, кубоктар, медальдармен марапаттады.
Ж.Жәлелұлы
