Бүгінгі күні дін түрлі күштердің идеологиялық қаруына айналды. Әсіресе саяси «ойындарды» ұйымдастырушылар бұл қаруды өз кәделеріне шеберлікпен жаратуда. Қоғамда діни сипатқа ие арпалыс, агрессия үдеп тұрған кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан қоғамның діни сауатын, әсіресе, білімге көзқарасын жетілдіру маңызды. Осы орайда жер-жерде әлсін-әлсін діни мәселелерді түсіндіру шаралары ұйымдастырылып тұрады. Өткен сейсенбіде қаламызда өткен ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелеріне арналған көпшілік алдында сөйлеуді дамыту курстары – сондай шаралардың бірі.
Бұл жолы екібастұздықтарға дін тақырыбын тарқату үшін Астанадан Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының сарапшысы Дулат Жақиянов келіпті.
Дулат Жәрдемқұлұлы тыңдармандарды түрлі мысалдармен, өмірде өзі кездестірген фактілермен ұйытты.
– Шымкентте мектептегі жұмысын тастап, базарға шығып кеткен педагогпен танысқанымда, мектептен кету себебін сұрадым. Сөйтсем, оның сыныбында хиджаб киген екі оқушы болыпты. Ұстаз хиджабқа тыйым салуға тырысса керек. Бір күні жұмысынан келе жатса, үйінің жанындағы ағашта өрілген бұрым ілініп тұр екен. Үйіне келсе, қызы жылап отыр. Хиджаб киген оқушылардың туыстары қызының бұрымын кесіп алып, хат жазып кетіпті, «балаларымызды жайына қалдырмасаң, келесі жолы бұрымның орнында балаңның басы тұратын болады!» – деп. Міне, қазір дін атын жамылып жүргендердің ниеті қандай!
Дәрісшінің айтуынша, қазір ресми қолданыста «салафит» деген сөз жоқ, бұл ағымды ұстанатындар «псевдосалафит» деп аталады. Өйткені Қазақстанға Сауд Арабиясы елінен «салафит» атауына қатысты наразылық нотасы түскен көрінеді. Ол мемлекетте салафизм – дәстүрлі идеология, біздегідей агрессиядан ада. Ал біздің елге бұл ағым терісін айналдырып, теріс пиғылмен келген.
Дулат Жәрдемқұлұлы жат ағымды жамылғандардың өз қатарларына жаңадан адам тарту үшін небір қитұрқы әрекетке баратынын айтты. Мәселен, мұндай топтардың көшбасшылары өз тобына тарту үшін жұртты шайға шақырып алдаусыратқан. «Алғашында белгілі бір топтың лидері айналасындағы адамдарды шайға шақырыпты. Қонақтарын барынша күтіпті. Одан кейін әлгі кісіні көргенде қонақ болғандар оған тартылып, шай ішкісі кеп тұратын жағдайға жеткен. Кейін анықтаса, шайға адамды тәуелділікке ұшырататын әлдебір дәрі қосылған болып шығыпты», – деді ол.
Дәрісшінің айтуынша, жасөспірімдерді жалған дінмен шырмау оразадан басталады. Адамның ағзасы жиырма бес жасында қалыптасып болатынын ескерсек, жасөспірім шақта ораза ұстау жас ағзаны шошытады, яғни, шок әкеледі.
– Мен арабтарға жас балалардың оразасы жайлы сұрақ қойдым, сонда олар: «Балаларға оразаның керегі не?» – деп таңғалдырды. Тіпті бала ораза ұстауды ұйғарған күннің өзінде алдымен оның ағзасын толық медициналық тексерістен өткізетін көрінеді, – дейді Дулат Жақиянов.
Спикер, сондай-ақ, дәстүрден тыс өзге де діндердің атын жамылып жұртты арбайтын ағымдарға тоқталды. Өз құрбандықтарын әлеуметтік әлжуаз топтардан іздейтін ондай ағым өкілдерінің көптеген адамдардың аңқаулығын пайдаланып баспанасын өздеріне ресімдеп алған кезі де аз болмапты.
Дулат Жәрдемқұлұлы «Алланың өзі алдымен адамға өз мүддесін бағалауына пәрмен берген. Мәселен, «Жұмақ ата-анаңның аяғының астында» дейді, яғни, Алланың разылығына жеткісі келген адам алдымен өзінің ата-анасын қадірлеуі керек. Сондай-ақ, қазақ құранды аяғының астына қойып, нанды алғанын естіп өстік. Осы тәмсілден Алланың адам еңбегін бағалауды нұсқағанын ұғуға болады.
Шарада дін саласы дамуының негізгі үдерістері ретінде мыналар аталды: қазақстандық қоғамда діндарлықтың артуы (исламдану), ислам діні жетекшілерінің интернетте белсенді болуы (ұстаздары – псевдосалафизм өкілдері), радикализацияның интернет кеңестігіне өтуі, жастардың радикалды идеологияға тартылу үрдісінің күшеюі, псевдосалафизм ағымдарының криминалдануы, христиандық шіркеулердің белсенділігі (пятидесятниктер, Иегова куәгерлері, т.б.), исламдану (арабтану) үрдісіне қайшылық ретінде ұлттық иммунитеттің оянуы.
Жалпы, бұл дәріс жан-жақты, пайдалы ақпаратқа толы болды. Тек оған тыңдаушы ретінде үркердей ғана топтың жиылғаны өкінішті…
Жанаргүл ҚАДЫРОВА