Қала тұрғындары биылғы жазда көшеде масаның азайғанын аңғарған болар. Бұрын кешкілікте далада серуендеу қиын еді: маса талап тастайтын. Ал биыл сары маса мүлдем жойылмаса да, мазамызды дәл бұрынғыдай қашырған жоқ. Бұл тақырып әкімдікте қала әкімі Аян Бейсекиннің қатысуымен өткен жиында да сөз болды.
Тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, ЖК және АЖ бөлімінің басшысы Абай Хакімовтің айтуынша, 2025-2027 жылдарға қансорғыштарды жою шараларына жергілікті бюджеттен 545,9 млн. теңге бөлініпті.
Жұмысты «Дезинфекция» жекеменшік медициналық мекемесі атқарған, шарт сомасы – 460,6 млн. теңге; ғылыми сүйемелдеуші – «Дезофарм-ЭК» ЖШС, шарт сомасы – 1,7 млн. теңге.
2025 жылы дезинсекциялық өңдеу алаңы 30100 гектарды құрады (Екібастұз – 21100 га, Солнечный кенті – 5000 га, Шідерті кенті – 4000 га). Мамандар су қоймалары мен таяз суларды, ашық станцияларды, сонымен қатар, жертөлелерді өңдеген.
Жұмыс ыңғайына келсек, мониторинг және жүргізілген талдау нәтижесінде алдымен су айдындары мен таяз сулардың картасы әзірленген, сонымен қатар, тұрғын үй инспекциясы бөлімімен бірлесіп бірінші кезекте өңдеуге мұқтаж көпқабатты тұрғын үйлердің проблемалық жертөлелері анықталған.
Дезинсекция шараларына дельтаметрин, бетацифлутрин, перметрин, д-аллетриннің («К-Отрин СК 50», «ФобиМоскитос КЭ», «ДельтэксSC 10», «Цигатрин») белсенді заттары негізіндегі химиялық инсектицидтік құралдар, бактериялар негізіндегі ұнтақ түрінде өндірілген биологиялық құрал қолданылған.
– 1-16 сәуір аралығында қаланың, Солнечный және Шідерті кенттерінің 703 көппәтерлі тұрғын үйінің жертөлелеріне түгендеу және өңдеу жүргізілді (қалада – 656, Шідерті және Солнечный кенттерінде – 47 жертөле). 10 сәуірден бастап ғылыми сүйемелдеу тобы дернәсілдердің даму сатысын анықтау үшін аумақтар мен су айдындарын зерттеп, масалар мен шіркейлердің пайда болуы мен дамуына фенологиялық бақылау жүргізе бастады. 16 сәуірден бастап Екібастұз қаласының аумағындағы 19 су айдыны өңделді (Ащыкөл, Лесхозға апаратын жол, «Монолит» жанармай бекеті ауданы, Марғұлан көшесі (гараждар), 18-шағынаудан, Қонаев көшесі, жылу электр орталығы ауданы, әуежайға апаратын көпір, «Батыр» бақылау пунктіне және әуежайға апаратын жол, «Богатырь Көмір»). 30 сәуірде қаланың барлық құдықтары өңделді. 2-3 мамырдан бастап Ащыкөл мен Солнечный және Шідерті кенттеріндегі арналар «Бактицид» биологиялық препаратымен өңделді. 5 мамырдан бастап қаланың және Солнечный, Шідерті кенттерінің орамішілік аумақтарын өңдеу жұмыстары басталды, – деп, Абай Хакімов дезинсекциялық жұмыстар барысын күнтізбелік ретпен тәптіштеп берді.
«Дезофарм-ЭК» ЖШС директоры Галина Стоцкаямен тілдескенімізде, ол жұмыстың биыл барынша нәтижелі болуын өңделген аумақ көлемінің артуымен түсіндірді.
Осылайша, Екібастұз жұртшылығы мазасыз жаздан масасыз жазға көшті. Лайым, ұзағынан болсын дейік.
Ж.ӘБДІКӘРІМ