Биыл Қазақстан халқы ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Осы атаулы дата аясында 3 қазан күні Екібастұз қаласының «Достық үйі» делегациясы Астана қаласына сапар шекті.
Сапар барысында делегация ең алдымен Қазақстан халқының ынтымақ пен келісімін паш ететін нысан – Бейбітшілік пен келісім сарайына барды. Оларға ел бірлігінің символына айналған бұл ғимараттың сәулеті мен мазмұны ерекше ұнады. Сарайдың ішкі құрылымы мен экспозициялары еліміздегі ұлтаралық достық пен өзара түсіністікті, Қазақстан халқының бірлігін білдіретін басты құндылықты еске салады.
Келесі кезекте делегация елордалық әріптестерімен Астана қаласының «Достық үйінде» кездесті. Қонақтарды жылы шыраймен қарсы алған астаналықтар бірлік, татулық пен қоғамдық келісім жайлы дөңгелек үстел ұйымдастырды. Кездесу барысында тараптар ел ішіндегі тұрақтылықты сақтау жолында атқарып жатқан жұмыстары жайлы айтып, өзара тәжірибе алмасты.
Кездесу туралы «Ассамблея жастары» қозғалысының Екібастұздағы жетекшісі Айдана Тасболатова былай дейді:
– Бұл сапар біз үшін өте мазмұнды әрі маңызды болды. Астаналық этномәдени орталықтардың жұмысымен танысып, өзімізді де таныстырдық. Жастармен тығыз байланыс орнатып, бірлескен жобалар туралы ой бөлістік. Әсіресе, «Ассамблея жастары» қозғалысының мүшелерімен кездесу мен үшін ерекше әсерлі болды, – деді ол.
Дөңгелек үстелде Екібастұз қаласы «Достық үйі» басшысының міндетін атқарушы Юлия Мерк жергілікті деңгейде жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік жобалар мен қоғамдық бастамалар туралы әңгімеледі. Ал «Ассамблея жастары» қозғалысының белсенді мүшесі Алина Сурдейкина мемлекеттік тілдің маңыздылығы туралы мазмұнды баяндама жасап, тыңдаушылардың ықыласына бөленді. Оның сөзіне тәнті болған Астана қаласының «Достық үйі» директоры Нұрал Айдашев Алинаны алдағы республикалық деңгейдегі кездесулер мен шараларға спикер ретінде қатысуға шақырды.
Іс-шара концерттік бағдарламаға ұласты. Мәдени кеш көтеріңкі көңіл күй сыйлап, ортақ құндылықтарға негізделген достықты одан әрі нығайта түскендей.
Айдана Тасболатованың айтуынша, бұл сапар қос тарап үшін де үлкен шығармашылық пайда әкелді:
– Енді астаналық делегация біздің шақыруымызбен Екібастұзға келеді. Олар қаламыздағы ірі кәсіпорындармен танысуды жоспарлап отыр. Біз қонақтарды зор ықыласпен қарсы алуға дайынбыз, – деді ол.
Қазақстан халқы ассамблеясының 30 жылдығына арналған бұл сапар – елдегі қоғамдық келісім мен ынтымақты нығайтудың нақты мысалы. Мұндай іс-шаралардың ұлттар арасындағы татулық пен достықты одан әрі бекітуге ықпал етері анық.
Гүлсана ҚУАТБАЙҚЫЗЫ