Соңғы уақытта хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздестіруде әлеуметтік желілердің рөлі артып келеді. Дегенмен мұндай жағдайда ең алдымен құқық қорғау органдарына жүгіну қажет. Мамандар жоғалған адамды алғашқы он күн ішінде іздеудің аса маңызды екенін айтады. Бұл мерзім өткен соң аман-есен табу мүмкіндігі едәуір төмендейді.
Полиция басқармасы криминалдық полиция бөлімінің аға жедел уәкілі Ғабит Сакиновтың айтуынша, адамдардың жоғалуына бірнеше себеп болуы мүмкін. Аға жедел уәкіл соның ішінде отбасылық кикілжіңдер мен тұрмыстық зорлық-зомбылық, алкоголь немесе есірткі заттарын тұтыну, психикалық ауытқулар, жауапкершіліктен жалтару, қылмыстық немесе табиғи апат салдарынан жоғалу жөнінде айтып өтті.
Қазіргі кезде Екібастұз қаласында хабар-ошарсыз кеткен бес адам іздестірілуде. Олардың екеуінен былтырғы қараша айынан бері хабар жоқ. Тағы біреуі – кәмелетке толмаған жасөспірім.
– Кейбір жағдайларда психикалық ауытқуы бар азаматтар үйінен шығып кетеді. Олар өз аты-жөнін, тұратын мекенжайын айта алмай, табылған күннің өзінде жеке басын анықтау қиынға соғады. Өкінішке қарай, кейде адамдардың жоғалуының артында қылмыс немесе табиғи апат тұруы да мүмкін, – дейді Ғабит Сакинов.
Сондай-ақ, кейбір адамдар туыстарына алдын ала ескертпей, хабарсыз кетіп қалады. Олар байланысуды кейінге шегереді немесе қажет деп таппайды. Мұндай әрекет іздестіру шараларын қиындата түседі.
Жоғалған адам туралы полицияға дер кезінде хабарлау өте маңызды. Арыз бірыңғай реестрде тіркеліп, іздестіру жұмыстары сол күні қолға алынады. Мамандар жоғалушының отбасындағы жағдайын, үйден кету себептерін анықтайды.
Іздеу жұмыстарына төтенше жағдайлар қызметі қатысып, арнайы құрал-жабдықтар (тепловизор, дрон, эхолот) қолданылады. Тепловизорлар адам көзіне шалынбайтын қашықтықтағы 25 градус жылу көзін анықтай алады. Дрондармен шалғай жерлер қаралса, эхолот құрылғысы су астында іздеуге көмектеседі.
– Жоғалған адамдарды іздестіруде волонтерлардың көмегі зор. Біз олармен меморандум арқылы бірлесіп жұмыс істейміз. Іздеу аймағын бірге талқылаймыз. Олар өз еркімен, шын ықыласпен көмекке келеді, – дейді жедел уәкіл.
Кішкентай балалардың адасып қалуы да кездеседі. Мұндай жағдайда алдын алу шаралары өте маңызды. Балаларға ашық түсті, жарықты шағылыстыратын киімдер кигізген жөн. Тәртіп сақшылары баланы суретке жиі түсіріп отыруға, киім үлгісін есте сақтауға кеңес береді.
«Балаларға қауіпсіз адамдардан көмек сұрауды үйретіңіз. Мас адамдарға жоламай, балалы әйелдер немесе полиция қызметкерлерінің көмегіне жүгінген дұрыс болатынын үнемі ескерту қажет. Сондай-ақ, мекенжайды, ата-анасының толық есімі мен телефон нөмірін жатқа білген артық болмайды», – деді Ғ.Сакинов сөз соңында.
Адам жоғалған жағдайда әр минуттың құны бар. Сондықтан дереу әрекет ету, құқық қорғау органдарымен және еріктілермен бірлесе жұмыс істеу адамның аман-есен табылуына үлкен сеп болмақ.
Г.ҚУАТҚЫЗЫ







