6 қазан күні «Атамұра» мәдениет орталығында ұстаздар күніне арналған салтанатты жиын өтті. Шараны «AMANAT» партиясының Екібастұз қалалық филиалы мен қалалық білім саласы қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы бірлесіп ұйымдастырды. Мерекелік жиын барысында ұстаздар мен білім саласының ардагерлеріне партия және кәсіподақ тарапынан алғыс хаттар мен сыйлықтар табыстады.
Алғашқы сөз «AMANAT» партиясы Екібастұз қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мәриям Мәлікова мен «Энергоуправление» ЖШС бас директорының орынбасары Елена Бауэрге берілді. Олар ұстаздарға партия атынан жылы лебіздерін білдіріп, көпжылғы еңбектері мен шәкірт тәрбиесіндегі табыстары үшін алғыс хаттар табыс етті.
Марапат иелерінің қатарында №12 балабақшаның тәрбиешісі Ғайни Әбдрахманова, №13 балабақшаны қызметкері Жұмагүл Әйтімова, №20 балабақша тәрбиешісі Аймагүл Әлиакпарова, Екібастұз политехникалық колледжінің арнайы пәндер оқытушысы Зәмзагүл Әбдығазизова, №35 гимназия-мектебінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, орыс тілі мұғалімі Нафиса Габдулина, №10 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Әлия Қамзина, Құдайкөл ЖОББМ-нің дене шынықтыру пәні мұғалімі Қайрат Қарымжанов және осы мектептің директоры Кучур Сәрсенов сынды педагогтар бар.
Сондай-ақ, Екібастұз қалалық мәслихатының депутаты Татьяна Шмидт ұстаздарды кәсіби мерекемен құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді. Ол білім саласында белсенділік танытып жүрген педагогтар мен бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағаларын сахнаға шақырып, марапаттау рәсімін жалғастырды. Білім бөлімінің алғыс хатымен Екібастұз қаласының білім бөлімі мектепке дейінгі және жалпы орта білім секторының меңгерушісі Сұлушаш Ибраева мен №5 ЖОББМ бастауыш сынып мұғалімі, әлеуметтік педагог Гүлзат Алдамжар марапатталды.
Мереке одан әрі Екібастұз қаласы білім саласы қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы төрайымы Әлима Рахымжанованың құттықтау сөзімен жалғасты. Ол білім саласындағы кәсіподақ қозғалысына белсенді қатысып жүрген бастауыш ұйым жетекшілері мен партия белсенділеріне алғыс білдіріп, сый-сияпаттар табыстады. Салтанатты жиын әсерлі музыкалық нөмірмен түйінделіп, ұстаздар көтеріңкі көңіл күймен естелік суретке түсті.
Ділназ Серікбай

