Мұғалім – барша мамандықтың бастауы, адам өмірінің шамшырағы. Ұлт болашағы – ұрпақ тәрбиесіне тікелей жауапты осы бір қадірлі мамандық иелерінің еңбегі қашанда құрметке лайық. Алаш арысы Мағжан Жұмабаев айтқандай: «Алты алаштың игі жақсысы бас қосса, төрдегі орын – ұстаздікі». Бұл сөз ұстазға деген құрметтің мәңгі өлшемі іспетті.
Қазан айының алғашқы аптасында елімізде дәстүрлі түрде аталып өтетін Мұғалімдер күні – ұстаздар қауымына көрсетілер ілтипаттың жарқын көрінісі. Үздіктерді марапаттау апта бұрын кезек алған болатын. Бірнеше күн бұрын №18 орта мектеп директоры Саламат Ізбастина мен «Үміт» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының басшысы Нағима Әбдрахманова «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталған еді. Білім саласындағы көпжылдық тәжірибесімен көзге түскен бұл тұлғалардың марапаты – олардың кәсіби біліктілігі мен ел алдындағы адал еңбегінің айғағы.
Саламат Дәуітқызы Ізбастина – Семей педагогикалық институтының түлегі. 1988 жылдан бері білім беру саласында үздіксіз еңбек етіп келеді. 2012 жылы №25 қазақ қыздар гимназиясының басшылығына тағайындалса, 2022 жылдан бері №18 орта мектептің директоры қызметін абыроймен атқарып жүр. Тәжірибелі ұстаздың жалпы педагогикалық өтілі 37 жылдан асады.
Мереке қарсаңында №25 қазақ қыздар гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айнұр Рахимбаева «Павлодар облысының білім беру саласына қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
Ұстаздар күні Екібастұз қаласында биыл да жоғары деңгейде, мазмұнды әрі салтанатты форматта өтті. Қаланың білім беру саласының майталмандары, ардагер ұстаздар мен жас мамандар «Өнер» мәдениет сарайында ұйымдастырылған мерекелік шараның құрметті қонағы болды. «Ұстаз – ұлт болашағы» атты мерекелік бағдарлама оқушылардың ұстаздарға арналған әнімен басталып, көрермендерді әдемі әсерге бөледі. Сахна сәні мен салтанаты ұстаздарға деген шынайы ықыластың көрінісіндей.
Қала әкімінің орынбасары Бибігүл Иманғалиева құттықтау сөз сөйлеп, мұғалімдерге білім мен тәрбиелеу жолындағы еңбектері үшін алғыс білдірді. Сонымен қатар, қала мектептерінің материалдық-техникалық базасының жаңартылғанын, STEM зертханалар ашылғанын, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілгенін және 80 жас маманның педагогтар қатарына қосылғанын атап өтті.
Салтанатты кеш барысында бірқатар педагог еңбегі еленіп, марапат төрінен көрінді. Бұл күні Гүлбайрам Зейнуллина («Зерде» мамандандырылған лицейінің кітапханашысы) мен Гүлмаш Кереева (№1 сәбилер бақшасының меңгерушісі) – «Екібастұз қаласы алдында сіңірген еңбегі үшін» белгісімен, Ержан Зәкен (№11 мектеп директоры) және Акылкан Илеубаев (№18 мектептің физика пәні мұғалімі) – «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталды.
Облыс және қала әкімінің алғыс хаттары мен құрмет грамоталары да өз иелерін тапты. Атап айтсақ, Баян Сейтниязова (№18 мектеп), Биғайша Темірова (№23 балабақша), Айнагүл Алинова (№35 гимназия-мектебі), Қарлығаш Қалықова (№2 мектеп), Бақтыгүл Бейсембаева (№36 лицей), Баян Сәтжанова (№4 мектеп), Бахыт Абылғазинова (№1 сәбилер бақшасы), Әлия Досхожаева (ИнЕУ), Ольга Колодуб, Алтынгүл Сәрсенова (ПМПК) – қала әкімінің құрмет грамотасымен, Айман Маямерова (№4 сәбилер бақшасы), Әсел Темірболатова (№16 мектеп), Ботакөз Омарова (№10 мектеп), Ақмарал Адамбаева (№23 мектеп), Мәдина Хамзина («Қайнар» ББК), Аяла Қасымова, Жанна Шадрина (ИнЕУ) алғыс хаттармен марапатталды.
Қалалық мәслихат төрағасы Нияз Макраев та өз атынан марапаттар табыстап, педагогтарға құрмет көрсетті. Оның қолынан Жұмажан Әшімханов (№28 мектеп), Назира Сүлейменова (Төртқұдық мектебі), Рауза Ахметова (балалар көркемсурет мектебі), Гүлнар Сүлейменова (Бесқауға мектебі) мәслихаттың құрмет грамотасы мен алғыс хаттарын алды.
Білім бөлімінің басшысы Лаура Дисюпова әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтап, ведомстволық марапаттарды табыс етті. Олардың қатарында Гүлжазира Шәкенова (№12 сәбилер бақшасы) – ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Құрмет грамотасын, Айтжамал Теміржанова (№5 сәбилер бақшасы), Шара Тайлақова (№18 мектеп) министрліктің алғыс хатын иеленді.
Салтанатты кеш барысында Екібастұз қаласының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері, ардагер ұстаз Жеңіс Мейірман бейнеқұттықтау арқылы көрерменге сөз арнады. Ол шәкірт тәрбиелеудің маңыздылығына тоқталып, әріптестеріне жүрекжарды тілегін жеткізді. Бейнеқұттықтауды жас мамандар атынан Қуаныш Әмірғалиев жалғастырды. Бұдан соң залда отырған ардагер ұстаздарға гүл шоқтары ұсынылып, ілтипат көрсетілді.
Кеш мерекелік концертке ұласты. Сахнада ерлерден құралған педагогикалық квинтет «Ұстазым» әнін орындап, «Серпантин», «Радость» би ұжымдары әсем билерін тарту етті. «Арман» тобы мен өнерлі педагогтардан құралған топтар да өз өнерлерін ортаға салды. №15 балабақшаның тәрбиеленушілері аспапта ойнау шеберлігімен көпшіліктің көңілінен шықты.
Мәдениет сарайының холлында арнайы фотоаймақ ұйымдастырылып, келген қонақтарға кәдесыйлар таратылды. Қала өнерпаздары кеш қонақтарын әнмен қарсы алып, мерекелік көңіл күй сыйлады.
Ұстаз – ұлттың бағына жауапты тұлға. Бұл күні Екібастұз қаласы білім беру саласының өкілдеріне шынайы құрмет көрсетіп, еңбектері лайықты бағаланды.
Гүлсана МЕДЕУБАЙТЕГІ


